Тимофей Скатов Швециядағы жарыста алғашқы қарсыласынан айласын асырды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 209-ракеткасы Тимофей Скатов Бостад (Швеция) АТР 250 турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады.
Іріктеу додасында 7-ракетка болып тіркелген қазақстандық теннисші дүниежүзілік рейтингіде 296-орында тұрған үндістандық Сумит Нагалмен бетпе-бет келді.
Бір сағат 26 минутқа созылған бәсекеде Скатов 6:2, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Ол эйс жасамағанымен, 8 брейк-пойнттың тең жартысын өз есебіне жазды. Нагал 4 эйс, 1 брейкпен (2 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Тимофей Скатов іріктеу сайысының финалында әлемнің 139-ракеткасы, италиялық Андреа Пеллегриномен кездеседі. Оны ұтқан жағдайда негізгі турнирге өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Португалиядағы жарысты жеңіспен бастағанын жазған едік.
Сондай-ақ Гамбург турнирінде Жібек Құламбаева іріктеу сайысының финалына шықты.