АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық, әлемнің 247-ракеткасы Тимофей Скатов Тунис челленджер турнирінің ширек финалына шықты.
Жарысты іріктеу сайыстарынан бастаған қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде өзінен алты саты жоғары тұрған нидерландылық Гийс Брувермен шеберлік байқасты.
Тимофей Скатов бәсекені көпке ұзатпай, 6:2, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Матч бір сағат 18 минутқа созылды.
Т.Скатов жартылай финалға шығу үшін әлемнің 120-сыншы, осы доданың 1-ракеткасы, монаколық Валентин Вашеромен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің жұптық сында Рим мастерс турнирінің жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).