ОРАЛ. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 178-ракеткасы Тимофей Скатов Уимблдон турнирі іріктеу сайысының жартылай финалына шықты.
Қазақстандық спортшы іріктеу сайысының ширек финалында әлемнің 247-ракеткасы, аргентиналық Алекс Барренадан айласын асырды.
Бірінші партия 6:3 есебімен Скатовтың еншісіне жазылды. Тартысты өрбіген екінші сетте тай-брейкте Тимофей табандылық танытты — 7:6 (7:4).
Бір сағат 47 минутқа созылған бәсекеде Т.Скатов 3 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Баррена 7 эйспен көзге түсті.
Тимофей Скатов іріктеу сайысының жартылай финалында әлемнің 112-ракеткасы, грузиялық Николоз Басилашвили немесе рейтингіде 185-сатыдағы швециялық Элиас Имердің қай жеңгенімен кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның әлемдік рейтингіде жоғары көтерілгенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).