Тимофей Скатов жұптық сында Грекиядағы жарыстың ширек финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші Тимофей Скатов жұптық сында Херсониссос (Грекия) челленджер турнирінің ¼ финалына жолдама алды.
Қазақстандық спортшы болгариялық Димитар Кузмановпен бірге алғашқы айналымда жарыстың 1-ракеткалары, аустриялық Александр Мерино – германиялық Кристоф Негритуды ұтып, сенсация жасады.
Қазақстандық-болгариялық дуэт 7:5, 6:1 есебімен жеңіске жетті.
Тимофей Скатов – Димитар Кузманов жартылай финалға шығу үшін литвалықтар Ричардас Беранкис – Эдас Бутвиласпен таласады.
Т.Скатов сондай-ақ жекелей сында аустриялық Деннис Новакты жеңсе, ширек финалға өтеді.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 213-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Тьонвиль (Франция) челленджер додасының ширек финалына шыға алмады. Ол жекелей сында рейтингіде 171-орында тұрған канадалық Лиам Драксльге жол берді – 3:6, 6:3, 3:6.
Бейбіт осы жарыста жұптық сында украиналық Виталий Сачкомен бірге өнер көрсетіп, финляндиялықтар Эмиль Руусувуори – Патрик Никлас-Салминеннен ұтылып қалды – 6:4, 4:6, 7:10.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Индиан-Уэллс турнирінде Рыбакинаның кімдермен кездесуі мүмкін екендігін жазған болатынбыз.