Тимошенко өз құқығын Страсбургте қорғамақ

АСТАНА. 11 қазан. ҚазАқпарат - Украинаның бұрынғы премьері Юлия Тимошенко 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ол сот үкіміне қарсы Адам құқығы жөніндегі Еуропалық сотқа шағым арыз білдірмек.

«Мен бұл үкіммен келіспеймін. Менің құқығымды Еуропалық сотта қорғайтын боламыз. Біздің соттың әділдігіне сенім жоқ», - деді Тимошенко.

Оның айтуынша, осы үкімді шығару арқылы Украинаға келмеске кеткен 1937 жылдар қайта оралды, деп жазады «Комсомольская правда».

Естеріңізге сала кетейік, Киевтің Печерск аудандық соты Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенконы 2009 жылы Ресеймен газ келісіміне қол қою кезінде өкілеттілігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп тауып, жеті жылға бас бостандығынан айырды.