Тимошенконың адвокатымен камерада сүйіскені түсірілген бейнежазбаны прокуратура тексереді (БЕЙНЕ)

АСТАНА. 27 сәуiр. ҚазАқпарат - Украинаның экс-премьері Юлия Тимошенконың бір ер адаммен камерасында сүйісіп тұрғаны түсірілген бейнежазбаны Киев прокуратурасы тексеретін болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл бейнежазба Интернетке 25 сәуірде шыққан. Онда Ю.Тимошенкоға ұқсас әйел тергеу абақтысына ұқсас бөлмеде отыр. Бірде әйел бөлме ішінде ерсілі-қарсылы жүріп, бірде төсек-орнын түзей бастайды. Кейін оның бөлмесіне сыртқы келбеті айыпталушының адвокаты Сергей Власенкоға ұқсас ер азамат кіреді. Сонымен қатар бейнежазбада әйел мен ер азамат бір-бірімен сыбырлап, кейін сүйісе кеткенін анық көруге болады.

«Батькивщина» партиясы бейнематериал қолдан жасалған дегенді алға тартуда. Юлия Тимошенконың жақтаушысы да бұл пікірмен келісіп отыр.

Украина пенитенциарлық қызметінің басшылығы болса, жазба түпнұсқа деп сендіруде. Соған қарамастан қызмет өкілдері бұл жазбаның қалай Интернетке шығып кеткенін түсіндіре алар емес.

 «Газ» мәселесіне қатысты жазасын Харьковтағы Качанов түзету мекемесінде өтеп жүрген экс-премьердің 20 сәуірден бастап аштық жариялағаны белгілі болды. Ю.Тимошенко аштықты колонияда соққыға жығылғаннан кейін жариялапты.