Тимур Бекмәмбетов жарнама әлеміне оралды - ВИДЕО

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жарнама түсірумен айналысуды қойған белгілі режиссер Тимур Бекмәмбетов «Донстрой» құрылыс компаниясы салып жатқан жаңа орамның жарнамасын түсірді. Графиканың көмегімен шынайы өмірді көрсететін мини-фильм «Астана жүрегі» деп аталады.

Аталған жарнамалық клип ағымдағы жылдың наурыз айында Францияның Канн қаласында өткен MIPIM-2014 жылжымайтын мүлік көрмесінде таныстырылды.

«Астана жүрегі» мини-фильмі әдеттегі жылжымайтын мүлік туралы жарнамадан ерекшеленеді. Себебі, Бекмәмбетовтің туындысында құрылыстың «иісі» сезілмейді. Нақты айтқанда, онда тұрғын орамның жобасы, безендірілуі, қабырғалары, тіпті, ғимараттың өзі жоқ. Оның орнына жақсы оқиғалардың образы, жанға тыныштық беретін атмосфера сезіледі. Осылайша, автор көрерменге өз мақсатына жетіп, бақытты болуға септігін тигізетін, үйлесімділік пен махаббат сыйлайтын мегаполисті көрсетті.

Тимур Бекмәмбетовтің өзі жаңа жарнамалық туныдыны клип дегеннен гөрі, арт-жоба деп санайды.

«Бұл кино ма, әлде жарнама ма? Шынымды айтсам, өзім де білмеймін»,- деді ол.

Сондай-ақ тапсырыс беруші тарап - «Донстрой» құрылыс компаниясының бас директоры Алена Дерябина Бекмәмбетовтің жұмысы көңілден шыққанын жасырмады.

Айта кетерлігі, «Астана жүрегі» - Бекмәмбетовтің жарнама әлеміндегі алғашқы жобасы емес. Бұған дейін ол ресейлік жарнама нарығының классикасына айналған бірқатар роликтердің авторы ретінде танылған. Олардың қатарында «Банк Империал. Бүкіләлемдік тарих» атты жарнама бар, деп жазады Утро ру.