Тимур Болат дзюдодан Әлем кубогының күміс жүлдегері атанды
13:13, 02 Қараша 2009
АЛМАТЫ. Қарашаның 2-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Дзюдодан кеше Ұланбатырда аяқталған Әлем кубогында қазақстандық спортшы күміс жүлдегер атанды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Штаттық ұлттық командалар және спорт резерві дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Моңғолия астанасындағы бұл дүбірлі дода қазанның 31-і күні жалауын көтерген еді. Ұйымдастырушылар оны «Шыңғыс хан кубогы» деп атаған болатын. Онда астаналық Тимур Болат 90 келіге дейінгі салмақта ақтық финалда ғана ұтылды.
Өздерінің бұрынғы жерлестерінің бұл жеңісін қолдауға Ұланбатырдағы қазақтар да қатысты. Әлем кубогының жүлдегері Моңғолияда дүниеге келген болатын. Ол Бейжің әуе рейсі арқылы Алматы әуежайына қарашаның 7-сі күні оралмақ.