Тимур Құлыбаев Данияр Елеусіновті жеңісімен құттықтады
01:08, 19 Тамыз 2016
РИО-ДЕ-ЖАНЕЙРО. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің және Қазақстандық бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев боксшы Данияр Елеусіновті Олимпиада ойындарындағы алтын медалімен құттықтады, деп хабарлады Риодағы ҚазАқпарат тілшісі.
Құттықтауда былай делінген:
«Құрметті Данияр!
Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті, Қазақстандық бокс федерациясы және өз атымнан Сізді Рио-де-Жанейродағы XXXI жазғы Олимпиада ойындарындағы жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын.
Олимпиада ойындары барысындағы өнеріңізге тек Қазақстан халқы емес, бүкіл әлем тәнті болды. Сіз мықты қарсыласпен болған финалдық жекпе-жекте айқын басымдылық танытып, Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алдыңыз.
Қол жеткізген жетістігіңіз - күнделікті қажырлы еңбектің, бойыңыздағы дарындылық пен шеберліктің нәтижесі.
Сізге сәттілік және жаңа жетістіктер тілеймін!»