Тимур Құлыбаев шаңғышы Колядинді жеңісімен құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев шаңғышы Александр Колядинді Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында жеңіп алған алтын медалімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат  ҚР ҰОК-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Онда «Құрметті Александр! Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитеті және еліміздің спорт қоғамдастығы атынан Сізді Пхенчхандағы XІI қысқы Паралимпиада ойындарындағы жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздің алтын медаліңіз Қазақстан үшін тарихи жеңіс және бұл жетістігіңіз еліміздің Паралимпиада спортының тарихында ерекше орын алатыны сөзсіз. Сіздің мақсатқа жету жолында танытқан қайраттылық пен қайсарлығыңыз көпке үлгі. Шын жүректен Сізді, жаттықтырушылар құрамын және Қазақстанның Паралимпиада комитетін осындай жетістікпен құттықтаймыз!» деп жазылған.

Сондай-ақ, ҚР ҰОК президенті Тимур Құлыбаев жақын күндері Пхенчханда Халықаралық Олимпиадалық және Паралимпиадалық комитеттері арасында өзара әріптестік туралы ұзақ мерзімге арналған жаңа келісімге қол қойылғанын да атап өтті.

«Бұл спорт қағидалары мен идеалдарын насихаттау ісінде қос ұйымның бағдары бір екенін дәлелдейді. Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитеті елімізде паралимпиадалық қозғалысты және оны дамытуға бағытталған барлық шараларды қолдайды», - деді Т.Құлыбаев.