Тимур Сүлейменов АЭФ-тің бірінші күнін қорытындылады
«Бүгін өте маңызды күн болды. Астана экономикалық форумы ресми басталды. Алдымен статистикадан бастасам, 6120 қатысушы болды, оның 1147-сі шетелден. Олар 111 елдің өкілі. Шамамен 1 мың БАҚ өкілі, оның ішінде 120 шетелдік журналист. ҚР Президентінің қатысуымен жалпы сессия, Саммиттің жаһандық сын-тегеуріндер шарасы табысты өтті. Мемлекет басшысы өз сөзінде 5 ірі сын-тегеуірінге жан-жақты тоқталды», - деп атап өтті министр бірінші күннің қорытындысына арналған брифингте.
Оның атап өтуінше, Қазақстан Президенті ең алдымен цифрландыруға тоқталып, 2030 жылға қарай әлемдік ЖІӨ-нің 15 пайызын жасанды интеллект беретіндігін айтқан. Екінші сын-тегеуірін ретінде энергетикалық революцияға, әлемнің таза энергияға қарай ілгерлеуін атаған. Елбасының мәліметінше, соңғы 30 жылда ЖЭК-ті пайдалану 13 есеге ұлғайып, күн панелдерінің құны соңғы 5 жылда 2 есеге төмендеген. Үшінші сын-тегеуірін - ұзақ өмір. Бүкіл әлемде өмір сүрудің күтілетін ұзақтығы соңғы 70 жылдың ішінде 48-ден 71 жасқа дейін ұзарған. 2050 жылға қарай 10 млрд жер тұрғынын қамтамасыз ету үшін азық-түлік шығару көлемін бүгінгіден 60 пайызға арттыру керек. Төртінші сын-тегеуірін - урбанизация қарқыны. БҰҰ мәліметінше, 2050 жылға қарай қалада тұратын адамдар үлесі 70 пайызға жетеді. Бесінші сын-тегеурін - бұл әлемдік еңбек нарығындағы үрдіс.
«Сонымен қатар, біз өте қызықты практиктердің, саясаткерлер мен ғалымдардың пікірлерін тыңдадық. Адаммен салыстырғанда жасанды интеллектінің мүмкіншіліктеріне қатысты өмірлік мысалдар келтірілді», - деп атап өтті Тимур Сүлейменов.
Ол АЭФ-тің жалпы отырысында Митио Каку, Стив Возняк, Дзинь Лицюнь, Джим О'Нил тұщымды пікірлер айтқанын атап өтті.