Тимур Сүлейменов депутаттарға жаңа Салық кодексін таныстырды
Оның айтуынша, салық жүйесін жаңғырту мақсатында Үкімет жаңа Салық кодексінің жобасы әзірлеген. Онда идеологияны өзгерту, ынталандыру және әкімшілендіруді жеңілдету көзделген. Ал идеология адал салық төлеушілерді қорғауға бағытталып, экономиканың әр түрлі салалары ынталандыруға ие болады. Әкімшілендіру жеңілдетіледі және салықты өз бетінше төлеуге ынталандырылады.
«Шағын және орта бизнесті дамыту бағытында біріншіден, баламалы жаңа режим - тіркелген шегерістер режимі ұсынылып отыр. Бұл режимде өлшемдер ұлғайтылған. Жылына ең жоғары табыс 300 млн теңгені құрайды және жалдамалы жұмысшылар саны 50 адамнан аспайды. Ол өз түсімінің отыз пайызын растаусыз шегере алады. Осымен бірге, салық төлеушілерге режимдерді таңдау құқығы беріледі. Екіншіден, қолданыстағы арнайы салық тәртіптерін сақтау қарастырылған», - деді ол.
Министрдің айтуынша, үшіншіден, «Оңайлатылған декларация» бойынша режимге арналған жеке тұлғалар үшін де, заңды тұлғалар үшін де кірістерінің көлемі бойынша талап бірдей болады. Төртіншіден, патентте мөлшерлемесі 2 пайыздан 1 пайызға дейін төмендетіледі. Бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын енгізуге байланысты салықтық жүктемені төмендету үшін жасалуда.
«Бесіншіден, шағын және орта бизнеске талап қою мерзімі 5-тен 3 жылға дейін қысқартылды. Алтыншыдан, ҚҚС бойынша 30 мың айлық есептік көрсеткіші сақталады. Өздерініз білетіндей, қолданыстағы редакцияда 2020 жылға 15 мың айлық есептік көрсеткішке дейін азайту қарастырылған», - деді Тимур Сүлейменов.
Сонымен қатар министр аграрлық сектор, геологиялық барлау және жер қойнауын пайдалану, қаржы секторын сауықтыру, инвестиция мен өнеркәсіп, арнайы экономикалық аймаққа салық салу, еңбекақы төлем қорының жүктемесін азайту, тиімсіз жеңілдіктер мен төлемдерді алып тастау, салықтық әкімшілендіру бағыттарындағы өзгерістерге кеңінен тоқталды.