— Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 18 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл жолғы шешім де болжамдық раунд нәтижелеріне негізделіп отыр. Комитет нақты деректер мен тәуекелдер балансын ескеріп, қазіргі макроэкономикалық жағдайға кешенді талдау жүргізді. Жылдық инфляция ақпан айында баяулап, 11,7 пайыз болды, — деді ол БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.
Оның айтуынша, инфляциялық қысымды төмендетуге ұстамды қатаң ақша-кредит шарттары, инфляцияға қарсы шараларды іске асыру, кепілсіз тұтынушылық кредиттердің өсу қарқыны баяулағаны, сондай-ақ ең төменгі резерв талаптарын арттыру және алтын операцияларын «айналау» арқылы артық өтімділікті алу сынды факторлар ықпал етті.
— Қосымша тежеуші әсерді тұрғын үй-коммуналдық қызметі мен жанар-жағармай бағасын көтеруге жарияланған мораторий, сондай-ақ теңге бағамының қолайлы динамикасы қалыптастырып отыр. ҚҚС-тың көтерілу әсері өткен жылы бағаға едәуір «сіңіп» кеткендіктен, қазіргі кезде оның ықпалы шектеулі деп бағаланады. Сонымен бірге инфляциялық қысым сақталып отыр. Бұған инфляциялық күтулердің жоғары болуы, салық өзгерістерінің, коммуналдық тарифтердің және жанар-жағармай бағасының ықтимал жанама әсері ықпал етеді, — деді Тимур Сүлейменов.
Естеріңізге сала кетсек, Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п. т. дәлізімен жылдық 18% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.