Тимур Сүлейменов көрші елдің валютасы неліктен нығайып келе жатқанын айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов валюта нарығында не себепті ресейлік рубль нығайып келе жатқанын түсіндірді.

Фото: ҚР Ұлттық банкі

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысының алдында тілшілер Ұлттық банк басшысынан ресейлік рубль мен теңгенің бағамына қатысты пікірін сұрады. Т. Сүлейменов қазір рубль резервтік валюталарға қатысты нығайғанын айтты.

- Ресейлік рубль доллар, еуро сияқты валюталарға қатысты нығайғаны байқалды. Бұл жағдай Ресейдің өзіндегі экономиканың дамуының ішкі мәселесіне байланысты, яғни оларда импортқа сұраныс төмендеді. Сондықтан бұл елде долларға деген сұраныс күрт азайды. Атап айтқанда, рубльдің күшеюі жалпы тренд, бұл жағдай тек теңгеге ғана қатысты емес, - деді ҰБ басшысы.

Айта кетейік, 2 қыркүйекке арналған доллар, еуро және рубль бағамын жазған едік. 

Астанадағы айырбастау пункттерінде:

* доллар: сатып алу – 535,03 теңге, сату – 540,03 теңге;

* еуро: сатып алу – 622,00 теңге, сату – 632,00 теңге;

* рубль: сатып алу – 6,60 теңге, сату – 6,70 теңге.