Тимур Сүлейменов орта мерзімді аралықтағы Ұлттық банктің негізгі мақсатын айтты

АСТАНА. KAZINFORM —  Жаһандық инфляция бәсеңдеп келеді. Бұл туралы елордада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов мәлім етті.

Фото: Ұлттық банк

«Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 14,25% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Шешім нақты деректерді талдау мен тәуекелдер балансын ескере отырып жасалды. Сонымен қатар, инфляция мен экономиканың өсуі бойынша болжамдарымыз жаңартылды. Шілдеде жылдық инфляция өсті, бірақ ол Ұлттық банктің мамырдағы болжамы шегінде сақталды. Базалық инфляция және маусымдық факторлардан тазартылған инфляция екінші ай қатарынан жеделдеді. Сыртқы инфляциялық жағдай қалыпты деп бағаланып отыр. Жаһандық инфляция бәсеңдеп келеді», - деді Т.Сүлейменов

Оның айтуынша, ішкі экономикада инфляциялық қысым күшейіп келеді.

«Қазіргі кезде айырбастау бағамының жақында ғана әлсірегенін ескерсек, ағымдағы ақша-кредит шарттары жұмсарғаны байқалады. Ақша-кредит шарттарының жұмсаруы ақша нарығы мөлшерлемесінің динамикасымен де расталады. Жұмсарған ақша-кредит шарттары мөлшерлемені одан әрі төмендету үшін кеңістік ашпайды. Монетарлық шарттардың одан әрі шамадан тыс жұмсаруын болдырмай, өтеу үшін базалық мөлшерлемені ағымдағы деңгейде сақтауды қажет етті. Жаңартылған болжамдар тәуекел балансының проинфляциялық бағытқа ауысқанын көрсетеді. Бұл базалық мөлшерлемені 2024 жылдың соңына дейін ағымдағы деңгейде сақтап қалуға итермелейді», - деді ҰБ басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан экономикасының 2024 жылы өсу болжамы 3,5-4,5% шегінде сақталған. Биыл іскерлік белсенділік фискалдық шаралар, тұтыну сұранысының өсуі және мұнай саласына жатпайтын сектордағы инвестициялық белсенділік есебінен ынталандырылатын болады. 2025 жылы болжам 5,1-6,1%-ке дейін арттыру жағына қайта қаралды. 2026 жылдың соңына қарай экономиканың жылдық өсімі 4,9-5,9% шегінде қалыптасады деп күтілуде. 2025-2026 жылдары фискалдық мәселелермен қатар, жалпы ішкі өнімнің өсіміне мұнай өндіруді ұлғайту, сондай-ақ Үкімет жүзеге асыруға жоспарланған шаралар арқылы қосымша үлес қосатын болады.

«Біздің басты мақсатымыз – ортамерзімді келешекте инфляцияны 5% деңгейінде ұстау. Жаңартылған болжамдар мен ағымдағы инфляциялық үдеріс ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын ұзақ уақыт сақтау қажеттігін көрсетіп отыр. Біз өз мандатымызға сәйкес, ақша-кредит саясатын келіп түсетін деректер мен тәуекелдер балансына бейімдей отырып, инфляцияны 5 пайыздық мақсатты деңгейге жылдам қайтару үшін бар күшімізді саламыз», - деді ол.