Талқылау кезінде сарапшылар «Қазақстанның экономикалық саясаты қаншалықты тиімді?» деген сұраққа жауап іздеді.
Экономист, Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Айдархан Құсайынов қазіргі жүйеге тиімсіз деген баға бере отырып, мұндай модель кейінгі ондаған жылдардың бойында қалыптасқанын атап өтті.
«Бұл кешегі немесе алдыңғы күнгі жұмыстың «нәтижесі» емес. Бұл модель шын мәнінде ұзақ уақыт бойы қалыптасты. Тек қалыптасып қана қоймай, тиісті институттарды «өсіріп» шығарды. Бұл модельдің жалпы идеясы – елдің экономикасы мемлекеттің араласуынсыз тұра алмайды. Ол килігу бірінші кезекте Ұлттық қор арқылы жүріп жатыр. Ұлттық қор әуелде болашаққа ақша жинақтаушы ретінде құрылған болса, кейінгі 15 жылда тікелей қолданып келеміз. Қазір алу-алмау мәселесі емес, көп аламыз ба, аз аламыз ба деген сұрақ қана қойып отырмыз. Ұлттық қорды пайдалану үшін сәйкесінше институттар қойылды. Оның да өз қисыны бар. Экономикаңыз өздігінен, қосымша қорексіз өмір сүре алмайтын болса, қоректендіру үшін институт керек еді. Осылайша даму институты сияқты құрылымдар пайда болды», - деді сарапшы.
Ал экономика ғылымдарының кандидаты, кәсіпкер Алмас Чукин мемлекеттің экономикаға килігуінде сәтті жобалар да болғанын айтады.
«СК Фармацияны» бәрі сынайды. Ал шын мәнінде сол арқылы мемлекеттік тапсырыс пен ұзақ мерзімді офф-тейк келісімшарттар жасалып, соның арқасында Қазақстанда фармацевтика саласы дамып отыр. Өйткені кәсіпорын тапсырыс бар екенін, келісімшарттың мерзімін айқын біліп, өндіріске ақша салды. Алматыдағы Нобел фармацевтика фабрикасын алсақ та, Шымкенттегі кәсіпорындарды алсақ та, бұлардың құрылуына мемлекет бірде-бір теңге салған жоқ. Жаңартылатын энергия жобаларында да дәл осындай сәтті жүйе бар. «Самұрыққа» тиесілі жобалардан басқа жаңартылатын энергия көздерінің бәрі жекеменшіктің ақшасына салынған. Өзім де соған қатыстым. Мемлекеттен тек белгіленген баға бойынша 15-20 жылға келісімшарт алдық, яғни мемлекет бұл жерде ақылды тапсырыс беруші болды», - дейді кәсіпкер.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мемлекетке бағаны реттеу үшін кәсіпорындарға қолдау ретінде бөлетін шығындарды халықтың осал топтарына бағыттап, тарифтерді нарықтың еркіне жіберу керектігін айтады.
«Мемлекет жолды, зауыттарды, электр желісін бастан-аяқ өзі салмау керек. Одан да нарыққа жағдай жасау керек, яғни тариф пен бағаны нарық анықтай берсін. Ал қажет тұсында ол бағаны қалтасы көтермейтіндерге тікелей көмектесу керек. Кәсіпкерлікті қолдау бағытында да осыны айтуға болады. Жекелеген кәсіпорындарға «жылыжай жағдайын» ұсынамыз. Инфрақұрылым керек пе – тегін, жер тегін, көп жылға салық жеңілдігі беріледі, Қазақстан даму банкі сияқты институттардан жеңілдетілген несие керек пе – тегін. Бірақ ол кәсіпорын қаншалықты бәсекеге қабілетті? Бізге мемлекеттік қолдау институттарының мәселесін біржақты шешіп алу керек», - дейді экономист.
Алмас Чукин тіпті әлеуметтік нысандарды да инвесторларға салғызу тәжірибесін кеңейте беру керек деген ой айтты.
«Бізде қазір мектептерді жылдам салуға арналған әйгілі бағдарлама бар. Мемлекет оған капитал беріп отыр. Ал фармацевтика саласының мысалымен жергілікті бизнеске 20 жылдық келісімшарт ұсынып, соларға салғызуға болатын еді. Күндіз сабақ жүрсін. Ал кешке онда той өткізе ме, клуб ұйымдастыра ма, бизнес құрылыс шығынын ақтай берсін. Скандинавия елдерінде мектептер кешке жабық жатпайды. Оларда мектеп - қоғамдық қарым-қатынастың орны. Спортзал да жұмыс істейді. Ал бізде сабақтан тыс уақытта босқа жылытылып тұр. Осындай жүйе болса, қазір бөлініп жатқан қаражатқа 100 мектеп емес, 500 мектеп салған болар едік. Тек 20 жыл бойы ол мектептер бизнестің басқаруы мен күтіп ұстауында болар еді», - деді экономист.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Ұлттық экономика министрлігі квазимемлекеттің сектордың экономикадағы рөлін нақты айқындайтын заң әзірлеп жатыр.
«Қазір заңнамада квазимемлекет экономиканың қай тұсына киліге алатыны, қай тұсына киліге алмайтыны анық жазылмаған. Келесі заң шығару маусымында осы мәселелер заңдарымызда көрініс табады деп үміттенемін. Ұлттық экономика министрлігі жұмыс істеп жатқанын білемін. Шекараларды анықтап алу аса маңызды», - деді ол.