Тимур Сүлейменов тарифтерді төмендету үшін не істеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жылумен, сумен және электр энергиясымен жабдықтау саласындағы 32 монополист бойынша тарифтерді 20,3 млрд теңгеге төмендету шешімі қабылданды. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыста Тимур Сүлейменов монополистердің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, электр, көмір, жылу, су, газбен жабдықтау, кәріз, телефон байланысы, интернет, лифттерге қызмет көрсету, қоқыс шығару саласындағы қызметтеріне тарифтерді төмендету мақсатында атқарылған шараларға тоқталды.

«Біріншіден, бүгінгі күні жылу, су және электр энергиясымен қамту саласындағы 32 монополист бойынша тарифтерді 20,3 млрд теңге сомасына, оның ішінде соңғы екі аптада 6 субъекті бойынша 1,9 млрд теңгеге төмендету туралы шешімдер қабылданды. Екіншіден, монополистердің негізсіз алған кірістерін анықтау және оларды тұтынушыларға қайтару мақсатында монополистерге жоспардан тыс 33 тексеру басталды. Жоспардан тыс тағы 24 тексеру басталатын болады»,-  деді ол.

Үшіншіден, оның айтуынша, Энергетика министрлігімен бірге электр энергиясына және газға арналған көтерме бағаларды төмендету жұмысы жүргізілуде. Көтерме бағалар түсірілген кезде министрлік соңғы тұтынушылар үшін бөлшек бағаларды арзандату бойынша жұмысты жүргізетін болады.

«19 қарашада министрлікте облыстардың және Астана, Алматы мен Шымкент қалаларының әкімдіктерімен жылумен және сумен қамту, электр энергиясын тарату және жабдықтау, қоқысты шығару, пәтер иелерінің кооперативі, лифт қызметтеріне, сондай-ақ автобус, троллейбус және трамвай тасымалдары қызметтеріне әкімдіктердің бағаларды төмендету бойынша жұмыс жүргізу қажеттілігі туралы селекторлық кеңес өткізілді»,-  деді Тимур Сүлейменов.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Жамбыл облысының әкімдігінен ғана бағаларды төмендету жөнінде жүргізілген жұмыс туралы ақпарат келіп түскен. Оған сәйкес облыста  2018 жылдың 1 желтоқсанына дейін  пәтер иелерінің кооперативі қызметтеріне баға - 6,7, қоқыс шығару қызметтеріне - 5, лифт қызметтеріне 7 пайыз  арзандайды.

«Қалған әкімдіктер жүргізілген жұмыс туралы ақпараттар ұсынған жоқ»,-  деді ол.