Тимур Сүлейменов цифрлық активтер нарығында шешілуге тиіс мәселелерді атады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов цифрлық активтер нарығында нақты нәтижеге қол жеткізу үшін шешілуі тиіс мәселелерді атады.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Бірінші — бәсекеге қабілетті салықтық жағдай. Дәстүрлі қаржы нарығы мен цифрлық активтер нарығына бірыңғай салықтық тәсіл қажет. Бұл операциялар мен капиталды реттелетін ортаға қайтаруға, ішкі нарықты дамытуға және халықаралық қатысушыларды тартуға жағдай жасайды. Екінші — банктік оверкомплаенс. Жеке клиенттің немесе операцияның тәуекелі лицензияланған провайдердің барлық шоттарын бұғаттауға әкелмеуі керек. Шектеулер тек нақты тәуекелге қатысты қолданылуға тиіс. Ол үшін банктерге Ұлттық криптоаналитика орталығының құралдарына қол жеткізу қажет. ҚМА мен ҚНРДА Ұлттық банкпен бірге тәуекелге бағдарланған қаржылық мониторингтің нақты әрі бірыңғай қағидаларын белгілеуге тиіс, — деді ол.

Ұлттық банк төрағасы үшінші токендеуді дамыту қажеттігін айтты. Бұл ретте, сапалы активтер мен ірі шығарылымдар жеткілікті болғанда ғана нақты экономикалық нәтиже болады. Салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп олардың тізімін қалыптастыру қажет. Оған мемлекеттік бағалы қағаздар, мемлекеттік борыш құралдары мен корпоративтік облигациялар сияқты активтер кіруі керек. Сондай-ақ жылжымайтын мүлік, инфрақұрылымдық жобалар мен кен орындары сияқты нақты активтердің тізбесін кеңейту қажет.

— Қаржы министрлігіне, «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» қорларына, KASE мен Орталық депозитарийге алғашқы ірі шығарылымдарды дайындау қажет деп санаймыз. Тек осы жағдайда токендеу капитал тартудың жаңа арнасына айналады. Төртінші — үш юрисдикцияның әлеуетін ашу. Жалпыұлттық режим, АХҚО мен Alatau City бізге нарықты дамыту үшін әртүрлі реттеушілік режимдерді пайдалануға мүмкіндік береді. Оларды бәсекелес емес, бірыңғай экожүйенің бірін-бірі толықтыратын элементтері ретінде қарастыру қажет, — деді Тимур Сүлейменов.

Оның атап өтуінше, юрисдикциялар арасындағы практикалық өзара іс-қимылды күшейтіп, жобаларды бірге дамытып, нарық қатысушылары үшін кедергісіз тетіктер құру қажет. 

— Бұл әлеуетті одан әрі ашу үшін реттеушілер арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін бекіту қажет. Осы мақсатта Ұлттық банкке, ҚНРДА-ға, АХҚО мен Alatau City-ге бірлескен жобаларды іске асыру кезіндегі өзара іс-қимылды, ақпарат алмасуды, цифрлық активтер мен провайдерлерді өзара тануды, сондай-ақ қадағалау қызметін үйлестіруді көздейтін Бас келісімді жасасуды жеделдету қажет деп есептейміз, — деді ҰБ төрағасы.

Айта кетейік, Үкімет отырысында цифрлық активтер саласын дамыту мәселелері талқыланып жатыр.