- Соңғы бірнеше жылда цифрлық активтер әлемдік қаржы жүйесінің тұрақты бір бөлігіне айналды. Бүгінде нарықтың жаһандық аудиториясы шамамен 750 млн адамды құрайды. Нарықтың капиталдануы 2,3 трлн АҚШ долларына жетті. Өткен жылы стейблкоиндер айналымы 50 трлн АҚШ долларын құрады. Соңғы үш жылда токенделген активтер нарығы 12 есе өсті. Бүгінде жаһандық деңгейде үш негізгі үрдіс қалыптасты. Біріншісі — тыйым салудан ресми лицензиялауға, қадағалауға және ортақ халықаралық стандарттарға көшу.
Екіншісі — цифрлық активтерді банктермен, төлем инфрақұрылымымен және капитал нарығымен интеграциялау. Үшіншісі — практикалық қолдануға көшу: цифрлық активтер трансшекаралық төлемдерде, кастодиандық сервистерде, нақты және қаржылық активтерді токендеуде қолданылады. Қазақстанның міндеті — бәсекеге қабілетті, реттелетін нарық құру. Операциялар, өтімділік және капитал ел ішінде шоғырлануы тиіс, - деді банк басшысы.
Оның мәліметінше, Қазақстан реттелетін нарықты 2022 жылы қалыптастыра бастады. Астана халықаралық қаржы орталығында криптобиржалардың банктермен өзара іс-қимыл механизмі іске қосылды. Алғашқы реттелетін крипто-фиат арна пайда болды. 2023 жылы цифрлық активтер туралы заң қабылданды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша АХҚО провайдерлерінің операциялары көлемі 10,6 млрд АҚШ долларына жетті. Клиенттер саны шамамен 2015 адамды құрады.
- Алайда бұл режим тек АХҚО аясында жұмыс істеді және бүкіл ішкі нарықты қамтымады. Өткен жылғы шілдеде Ұлттық банк цифрлық активтер саласындағы жаңа өнімдер мен бизнес-модельдерді енгізу үшін реттеушілік алаң құрды. Қазіргі уақытта алаңда 14 бағыт бойынша 34 жоба іске асырылуда. Олардың ішінде стейблкоиндер, токендеу, криптобиржалар, кастодиандық және крипто-фиаттық сервистер бар. Осы жылы банктер туралы жаңа заңнама аясында цифрлық активтер саласындағы ауқымды реформа жүргізілді.
Заңнамаға алғаш рет цифрлық қаржы активтері, оның ішінде стейблкоиндер, токенделген нақты активтер және қаржы құралдары енгізілді. Оларды шығару, сақтау, иелерінің құқықтарын есепке алу талаптары, сондай-ақ қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің заңды айналым периметрі айқындалды, - деді ол.
ҰБ төрағасы цифрлық активтер қызметтерін көрсететін провайдерлер институты енгізілгенін атап өтті.
- Оларға активтерді токендеу платформаларының операторлары, криптобиржалар және қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторлары кіреді. Нәтижесінде осы жылдың 1 мамырынан бастап Орта Азиядағы алғашқы кешенді жалпыұлттық цифрлық активтер нарығын реттеу моделі күшіне енді, - деді Тимур Сүлейменов.
Айта кетейік, Үкімет отырысында цифрлық активтер саласын дамыту мәселелерін талқыланып жатыр.