«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері оң динамиканы көрсетіп жатыр. Жыл басынан бері зейнетақы активтері 18,4 трлн теңгеге дейін немесе 3,6% өсті. Инвестициялық табыс көлемі 351,1 млрд теңге болды. Зейнетақы жарналары 396,4 млрд теңге, ал жарнаны мерзімінен бұрын алу сомасы 66,5 млрд теңге болды», - деді Т. Сүлейменов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Сонымен бірге, спикердің айтуынша, Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтері алтын сатып алуға байланысты жыл басынан 36,2 млрд долларға дейін немесе 0,5% ұлғайды.
«Ұлттық қор активтері жыл басынан бері 60,2 млрд доллар болды. Бұл ретте, ақпан айының қорытындысы бойынша 1,44% немесе 0,87 млрд доллар инвестициялық табыс түсті», - деді Ұлттық банк төрағасы.
Бұған дейін Тимур Сүлейменов жылдық инфляция 9,3% дейін баяулағанын және Ұлттық Банк базалық ставканы 14,75% дейін төмендеткенін баяндаған еді.