Тимур Турлов өзіне тағылған айып жайында: Барып тұрған сандырақ
АСТАНА. KAZINFORM – Салымдарды сақтандыру агенттігі (Ресей) Freedom Holding Group төрағасы Тимур Турловтан шығындарды өтеуді талап етті. Агенттік 2019 жылы лицензиясы қайтарып алынған «Ассоциация» банкінен активтерді шығарды деп санайды. Тимур Турлов Kazinform тілшісіне берген сұхбатында өзіне тағылған айыпқа қатысты пікір білдірді. Айта кетерлігі, Салымдарды сақтандыру агенттігі кредиттік ұйымнан қаражаттың ұрлану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған еді.
- Өзіңізге тағылған айыпқа қандай реакция білдірдіңіз?
- Егер қателеспесем, бұл шағым осыдан 8 жыл бұрынғы оқиғаның бетін ашып отыр және де мен үшін бұл жайт сандырақ сияқты көрінеді. Мұндай жағдай банкроттық кезінде жиі болып, мән-жайды толығырақ білместен барлық мәмілені ашуға тырысады. Түптеп келгенде мүлдем тосын адамдардың кінәсі жоқ екендігін дәлелдеуіне тура келеді. Қандай да бір қоғамдық маңыздылығымыз және құрылымымызда нарықтық өзара қарым-қатынастың болғаны үшін шағым түсірілгендердің тізіміне бізді де қосып жіберген сияқты әсер қалдырады.
- Іс материалдарымен танысып үлгердіңіз бе?
- Салымдарды сақтандыру агенттігі арбитраждық сотқа берген талаптың мазмұнымен әлі танысып үлгерген жоқпын. Біз олардан тиісті ақпаратты сұраймыз. Таяу күндердің ішінде заңгерлеріміз аталған талаптың мазмұнымен танысады деп үміттенемін.
- Тура сұрақ қояйын, сіз «Ассоциация» банкімен қалай да бір үлестес болдыңыз ба?
- Жоқ, мен еш уақытта бұл банкпен үлестес болған емеспін. Ондағы бірде-бір адамды танымаймын және еш уақытта да бірде-бір процеске мүлдем қатысқан емеспін.
- Ал онда активтерді шығару күдігіне қалай ілігіп жүрсіз?
- Қазіргі уақытта бұл жайт, шын мәнінде не болғанын тексерместен, банкпен қандай да бір мәміле жасаған компаниялардың барлығына талап қоюға, аталған компаниялардың мүлкін өндіріп алуды талап етуге тырысу сияқты.
Мен үшін активтерді шығаруға қатысты қандай да бір айып тағу мүлдем түсініксіз. Ұмытпасам, компаниямыздың аталған банкпен жасауы мүмкін жалғыз операция – қазынашылық арасындағы кәдімгі контрагенттік өзара қарым-қатынас. Ол нарықтық жағдайда ғана жүргізілді.
Тағы да қайталап айтамын, қандай да бір айрықша мәміле немесе банк жұмысына біздің қандай да бір қатысуымыз жайлы ештеңе білмеймін. Егер де қандай да бір операция болса, онда ол болмашы ғана болуы мүмкін. Бұл маған қойылып отырған шағымның мөлшерімен мүлдем қиыспайды.
- Бұл талаптың осыдан 8 жыл бұрынғы оқиғаның бетін ашатындығын айтып қалдыңыз. Менің білуімше, сіз ол уақытта Қазақстанда тұрып, жұмыс істей бастадыңыз емес пе?
- Иә, мен Қазақстанда 2011 жылдан бері тұрамын және бизнесіміз осы жерге мейлінше орталықтандырылған. Азаматтық алу процесін әлемдегі геосаяси жағдай ушыққанға дейін бастаған едім. Біз бизнесімізді Орталық Азия, Еуропа және Америкада дамытуға баса мән беріп отырмыз және ресейлік нарықтан кетіп қалдық.
Шынына келгенде, Қазақстан азаматы болғанымды қатты мақтан тұтамын. Менің үйім достарымның көпшілігі, клиенттеріміз тұратын жерде. Қазақстанды ұзақ жылдардан бері өз үйім деп айтамын.
Осы жерде бір жүйелі маңызға ие компанияға, Қазақстанның ірі цифрлық эко-жүйесінің біріне айналдық. Қазірдің өзінде шамамен 4 млн бірегей клиентке қызмет көрсетеміз.
Freedom Holding Group компаниясында шамамен 10 мың адам жұмыс істейді және де бұл өте үлкен әрі дарынды кәсіпқойлардың командасы деп нық сеніммен айта аламын.
- Қалай ойлайсыз, аталған талап жұмысыңызға, әсіресе еуропалық және америкалық серіктестермен жұмысыңызға қандай да бір теріс әсер етуі мүмкін бе?
- Біз халықаралық нормаларға толықтай сай келеміз. ESGAP және РSOB халықаралық стандарттары бойынша толық аудиттен өттік – бұл АҚШ-тың жария компаниялары. Бұл – есеп-қисаптың ең қатаң формасы, жалпы бүкіл өңір бойынша ақпараттардың егжей-тегжейлі ашылуы. Оның аясында біз клиенттердің түрлі санаттарымен қалай өзара әрекеттесетіндігімізді, санкциялық режимді қаншалықты сақтайтындығымызды ашуға тиіспіз.
Сонымен қатар ақша қаражатының шығу тегіне аудиттен өткенімізді және оң қорытынды алғанымызды атап өткім келеді.
Бұған қоса, Freedom Holding Group Директорлар кеңесі Forensic Risk Alliance сот-бухгалтерлік фирмасына және Morgan, Lewis & Bockius LLP заңгерлік фирмаларына аудит жүргізуге тапсырыс берді. Олар ең орнықты компаниялардың бірі саналады және құнды қағаздар бойынша халықаралық комиссия үшін сот қорытындысын жасайды. Бұл орайда да біз қызмет жүргізу стандартына, комплаенс мәдениетіне және есеп-қисапқа оң қорытынды алдық.
- Салымдарды сақтандыру агенттігі тарапынан талаптың болуына қарамастан клиенттеріңіздің ақша қаражатының қауіпсіздігіне кепілдік бере аласыз ба?
- Арбитраждық қарау процесінде шағым көлемін түбегейлі нақтылай алатындығымызға және өзіміздің адал екендігімізді дәлелдейтіндігімізге сенімдіміз. Біз клиенттеріміздің мүддесіне келер қандай да бір шығын көріп отырған жоқпыз. Өйткені, бизнесіміздің Ресеймен ешқандай байланысы жоқ. Оның үстіне, өсім үшін өте жақсы мүмкіншіліктерді көріп отырмыз. Қазіргі сәтте біз – ақпараттарын жан-жақты ашқан Қазақстандағы, жалпы, Орталық Азияның бүкіл өңіріндегі екі компанияның біріміз.