Тынық мұхитындағы елде алғаш рет банкоматтар пайда болды

Фото: Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM — Әлемдегі ең шалғай елдердің бірі Тувалуда алғаш рет банкоматтар орнатылды. Бұған дейін Тынық мұхиты аралының тұрғындары электронды банкингке қол жеткізе алмаған, деп жазады АЗЕРТАДЖ.

Британиялық The Guardian басылымының хабарлауынша, банкоматтардың орнатылуы Фунафути аралындағы Ваиаку ауылында салтанатты рәсіммен атап өтілді. Іс-шараға премьер-министр Фелети Тео және басқа да жоғары лауазымды тұлғалар қатысты. Алғашқы банкоматтар Тувалу Ұлттық банкінің бас кеңсесінде орнатылды.

Бұған дейін елде барлық қаржылық операция тек қолма-қол ақшамен жүргізіліп келген. Жалақы төленетін күндері қызметкерлер банкте ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр болған, ал банк сағат 14:00–ге дейін ғана істеген көрінеді. Азық-түлік, қонақүйде тұру және түрлі қызметтердің ақысы үнемі қағаз ақшамен төленетін.

Болашақта әр ауылда және әуежайда қосымша банкоматтар орнату жоспарда бар. Тұрғындарға банк карталары беріледі. Бұл ретте онлайн-банкинг қызметтері  алғашқы кезде «адамдар үйренгенше» тегін ұсынылады деп түсіндірді премьер-министр. Бес банкомат пен 30 төлем терминалын орнатуға 1,9 миллион доллар жұмсалды.

Айта кетейік, Тувалуда шамамен 12 мың адам тұрады. Жаңа банк технологияларын шамамен 6 мың клиент пайдаланады деп күтіліп отыр.

Осыдан бұрын Тынық мұхитында Вануату маңында қуатты жер сілкінісі болғанын жаздық.