1946 жылы 12 қыркүйекте Өзбек КСР-і Ташкент облысының Жоғары Шыршық ауданындағы Свердлов атындағы колхозда дүниеге келген Тынышбай Рақым көзі тірі болғанда биыл 80 жасқа толар еді. Ол 1999 жылы, 53 жасында дүниеден өтті. Өз ғұмырында поэзияға, музыкаға, журналистика мен телевизия саласына қатар қызмет етіп, қазақ руханиятының бірнеше саласында із қалдырды.
Домбырадан басталған жол
Тынышбай Рақымның өнерге келу жолы домбырадан басталды. 1963 жылы Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің ұлт аспаптары бөліміне оқуға түсіп, оқуын тәмамдаған соң Жаңатас қаласындағы мектептерде музыка пәнінен, соның ішінде домбыра класынан сабақ береді.
Жас ұстаздың ақындық пен сазгерлік қабілеті де осы жылдары қатар қалыптасты. Оның «Жаңатас көктемі» атты алғашқы әні мен сөзі 1965 жылы сол кездегі «Лениншіл жас» газетінде жарық көрді. Кейін оның «Бозорамал», «Алтайдан сәлем», «Мөлдірім», «Күт мені», «Қымбаттым» секілді әндері елге кең тарады.
Музыкадан басталған жол оны әдебиетке алып келді. ҚазМУ-ді бітіргеннен кейін Тынышбай Рақым баспасөз саласында қызмет атқарып, Жамбыл аудандық «Шұғыла», облыстық «Еңбек туы» газеттерінде еңбек етті. 1975–1982 жылдары республикалық «Қазақстан пионері» газетінде әдебиет және өнер бөлімін басқарды. Кейін «Жазушы» баспасында аға редактор, «Жалын» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі болды.
Оның шығармашылық жолының тағы бір маңызды белесі — қазақ телевидениесі. Әдеби-музыкалық хабарларды дайындап, редакторлық және басшылық қызметтер атқарды. Осы кезеңде оның теледидардағы өнер мен музыка насихатына қосқан үлесі де айқын көрінді.
«Көкірегім — күйсандық»
Тынышбай Рақымның ақындық әлемі бір ғана тақырыппен шектелген жоқ. Оның жырларында туған жер, ел тағдыры, өнер, достық, махаббат, адам жанының иірімдері тоғысып жатты.
Ақынның алғашқы жыр жинағы — «Он сегіз — гүл дәурен» 1976 жылы жарық көрді. Одан кейін «Қаратауым — ақ отауым», «Жиырма бес — жыр дәурен», «Тоғыз перне — тоқсан күй», «Көкірегім — күйсандық», «Бесігіміз — бейбіт күн», «Қобызым — абызым», «Көне мақам — жаңа саз», «Бұлбұл жүрек», «Дүлділ көңіл» сияқты кітаптары оқырманға жол тартты. «Алтайдан сәлем» атты әндер жинағы 1996 жылы, ал «Өнербаян» мен «Күй сандық» кітаптары өзі қайтыс болғаннан кейін жарық көрді.
Оның жырлары орыс, украин, беларусь, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылды. Тынышбай Рақым тәжік ақыны Әбілқасым Лахутидің, сондай-ақ орыс ақындары Л. Васильева, С. Куняев және басқа авторлардың шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Ақын әдебиеттегі еңбегі үшін де елеулі марапаттарға ие болды. Ол Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеті, Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті, Қазақстан Жазушылар одағы және «Жалын» баспасы ұйымдастырған дәстүрлі әдеби жабық конкурстың 1976 және 1978 жылдардағы екі дүркін жүлдегері атанды. Кейін Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлықтың лауреаты болды.
Халық әніндей болған «Алтайдың ар жағынан келген ару»
Тынышбай Рақымның есімін қалың жұртқа кеңінен танытқан шығармалардың бірі — «Алтайдың ар жағынан келген ару».
Әні мен сөзін автордың өзі жазған бұл шығарма 1990-жылдардың басында ел арасына кең тарады. Әнді кейін Сәкен Жақсылықұлы (Қалымов) орындап, оның халық арасында кең танылуына жол ашты.
Алайда бұл әннің шығу тарихы туралы ел ішінде әртүрлі әңгіме тараған. Әсіресе әнді ғашықтық сезімнен туған шығарма деп қабылдайтындар аз болмады. Ал шын мәнінде оның астарында жеке махаббаттан гөрі туған елге, атамекенге деген сағыныш, шетелде жүрген қазақ бауырларға деген ағалық ықылас жатыр.
1991 жылы Қытайдан келген өнер өкілдері делегациясы құрамында Үрімші қаласындағы қазақ телевидениесінде диктор болып қызмет атқаратын Әмина Еркешқызы да болады. Тынышбай Рақым сол сапар кезінде оның туған жерін қимай, қайта-қайта артына қарағанын байқайды. Осы көрініс ақынға қатты әсер етіп, кейін әнге арқау болған.
Бұл оқиға кейін жарияланған бірнеше мақалада да осы мазмұнда баяндалады. Тынышбай Рақымның өзі айтып кеткендей, ән махаббаттан емес, атамекенді аңсаған қандасты көргендегі көңіл-күйден туғаны жазылған.
«Алтайдың ар жағынан келген ару»: Әннен басталған аға-іні сыйластығы
Тынышбай Рақымның шығармашылығын жақыннан таныған, оның әндерін орындап, ақыннан ағалық қамқорлық көрген өнердегі інісі Сәкен Жақсылықұлы үшін «Алтайдың ар жағынан келген арудың» орны бөлек.
Әншінің айтуынша, ол Тынышбай ағаны Алматыға келгеннен кейін танығанымен, әнді ақынмен кездескенге дейін орындап жүрген.
— Мен Тынышбай ағаны Алматыға келгеннен кейін таныдым. Бірақ ол кісінің «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнін Тынышбай ағаны танымай тұрып-ақ орындадым. Ол кезде Жетісайдағы Құрманбек Жандарбек атындағы музыкалық драма театрында актер болып жұмыс істейтінмін. Мақпал Жүнісованың концерті өтті. Сол кеште «Алтайдың ар жағынан келген ару» әні маған қатты ұнады. Мен бұл әнді эстрадаға лайықтап қайта жаздым. Өз икеміме, мүмкіндігіме қарай бояп, әрлеп шықтым. Алматыға келіп, 1992 жылы Шәмші ағамыздың атындағы конкурсқа қатыстым. Ол жерде жүлделі орын алып, сол жерден қанат бітті, өз-өзіме сенім пайда болды, — деп еске алады Сәкен Жақсылықұлы.
Кейін оны ақын, композитор Қалдыбек Құрманәлі Тынышбай Рақыммен таныстырады. Ол кезде Тынышбай аға Алматыда музыкалық редактор болып жұмыс істеген.
Осы кездесуден кейін Тынышбай Рақым жас өнерпазға «Кеш жарық» бағдарламасына шығуға мүмкіндік береді. Бұл Сәкеннің шығармашылық жолындағы маңызды сәттердің біріне айналады.
— Мен жаңадан өңделген «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнін тыңдаттым. Ол кісі қатты ұнатты. Өзі пианиноға отырып, кей жерлерін түзеткісі келді. Мен кейбір тұстарын өз дауысыма қарай әрлегенімді айтып, осылай қалуын сұрадым. Ол кісі мақұлдады. Сосын: «Келесі аптада дайындал, „Кеш жарық“ бағдарламасына шығасың», — деді. Осылай ағамен танысып, туысқандай болып, қуанып қайттым. Сол «Кеш жарық» бағдарламасынан шыққаннан кейін ән ел жүрегіне жетті, қатты таралды, — дейді ол.
Ол кезеңде көрерменнің ықыласы әлеуметтік желідегі пікірлермен емес, хат арқылы жететін.
— Екі-үш қап хат оқитынбыз. Адамдар әннің тарихын сұрап жататын. Бұл әннің алғашқы орындаушысы Нұрғали Нүсіпжан екен, кейін Мақпал Жүнісова орындаған, сосын мен орындадым. Аллаға мың да бір шүкір, осы ән арқылы елге танылдым. Тынышбай ағаның да аты елге тарады. Елдің көбі «Алтайдың ар жағынан келген аруды» махаббат әні дейді. Бірақ мен оның бойынан махаббаттан гөрі, сыртта тарыдай шашылып жүрген қазақтың қара көздеріне деген ағалық қамқорлықты сезінемін. Марқұм ағам: «Көзі мөлдіреп тұрған қазақтың қызын жат елге қимадым», — деген еді», — деп еске алады ол.
Сәкен Жақсылықұлының айтуынша, Тынышбай Рақымның елге деген жанашырлығы оның бүкіл шығармашылық және азаматтық болмысынан көрінетін. Ақын әр облыстағы таланттарды іздеп, Алматыға шақырып, сол кездегі танымал «Кеш жарық» бағдарламасы арқылы халыққа танытуға тырысқан.
Тынышбай Рақым Сәкеннің жеке өмірінде де үлкен із қалдырған. Әнші ақынның өзіне тек өнерде ғана аға емес, өмірде де қиын кезеңде қолдау көрсеткен жан болғанын айтады.
— Тынышбай аға өте сері кісі болды. Өте таза, ұқыпты жүретін. Шалбарының қыры сынбайтын, үстіне шаң жұқпайтын. Осы әнді айтқаннан кейін біз аға-бауыр болып жиі қарым-қатынаста болдық. Менің үйлену тойымның бүкіл жұмысын өзі атқарды. Әйелім де алғаш келін болып, сол кісінің үйіне кірді. Мені қанатының астына алып, қамқорлығын танытты. Мені «Сәкентай» деп еркелететін. Иманы саламат болсын, сол ағамды сағынамын, — дейді өнердегі інісі.
Тынышбай Рақымның қамқорлығы Сәкеннің баспаналы болуына да себеп болған.
— Үйсіз-күйсіз жүрген кезімізде бір бөлмелі жатақхана алып беруге ықпал етті. Сондағы қуанышымда шек жоқ. Бір бөлменің кілтін ұстағанда, менен бай адам болған жоқ. Коттедждің кілтін алғандай төбем көкке жетті, — деп еске алады Сәкен.
Өнердегі інісі Тынышбай Рақымның шығармашылық мұрасын кейінгі буынға жеткізуді де өзіне парыз санайды. Осы мақсатта ол «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнін қайта өңдеп, жаңа орындаушымен бірге ұсынған.
— Бұл әнді қайта өңдеп, кейінгі жастарға тыңдатсам деген арманым болды. Әнді басқа қырынан көрсеткім келді. Шетте туған, елін сағынып келген өнерлі қазақ қызы болса деген ниетпен талантты қыз іздедім. Сөйтіп, Алтайдың ар жағында туып-өскен қазақтың қара көз қызы Гүлсінайды тауып, «Алтайдың қызының жауабы» ретінде осы әнді қайта өңдеп, елге ұсындық. Аллаға шүкір, әнге екінші өмір сыйладық. Ән елдің жақсы ықыласын алды. Тынышбай ағаның есімі де қайта жаңғырды, — дейді Сәкен Жақсылықұлы.
Тынышбай Рақымның өнердегі болмысын оның баласы Танаттың естелігінен де тереңірек тануға болады. Ол әкесін ең алдымен ақын, сазгер ретінде емес, өте нәзік, мейірімді, ақ көңіл, сенгіш, балаша ренжіп қалатын жан ретінде еске алады.
— Балаларының кішкентай жетістігін таудай көретін жан еді. Бірдеңе айтсаң, құрдасындай тыңдап, өз ойын, ақылын айтып отыратын. Мені жанына көп ертіп, талай іссапарына, шығармашылық кештеріне бардым, — дейді Танат.
Балалық шақта Танат әкесінің ел арасындағы беделін сырттай бақылағанымен, оның қаншалықты үлкен тұлға екенін бірден түсіне қоймағанын айтады.
— Халық әкемді ерекше ықыласпен қарсы алып, қолтаңбасын алып жататын. Сол кезде мен: «Менің әкем соншама не жасаған адам?» деп сырттай таңғалатынмын. Уақыт өте, есейе келе ойласам, ақын Тынышбай шынында да 53 жыл жасап, біраз шығармашылық, рухани қазыналар қалдырып үлгерген азамат екен ғой деген ойға келемін, — дейді Танат Тынышбайұлы.
Әкесінің қарапайым мінезі де ұлының есінде ерекше сақталған. Оның даңққа ұмтылмайтын, өзін алға шығаруға тырыспайтын айтады.
— Әкемнің табиғи болмысы шығармалары мен адамға деген қарым-қатынасынан көрінеді. Талантты адамдар қарапайым болады деген рас сөз. Әкем өте қарапайым болатын, бірақ өте жақсы киінетін. Қазір көшеде кетіп бара жатып, әкелерімен әңгіме айтып, сөйлесіп бара жатқан ұл-қыздарға қарап, сырттарынан қызығам. Ақын әкемді сағынамын, аңсаймын. Сол баяғы бала кезімде қолынан ұстап бірге жүрген кездерім есіме түсіп, көңілім босайтын кездерім болады, — дейді ол.
Танат осы сағынышты әкесінің шығармалары арқылы жеңілдетеді. Оның айтуынша, әкесінің кітаптарын ашып, жырларын оқыған кезде, оның өзі жанында отырғандай күй кешеді.
— Сондай кездерде үйге келіп, кітабын ашып, жырларын оқып, бір керемет сезімге бөленем. Мынандай жырлар, әндер жазып қалдырған ақын әкем ешқашан ұмыт болмайды. Менің бақытым — сонда, — дейді Танат.
«Өнер — ұмытылмайтын жалғыз дүние…»
Тынышбай Рақыммен қызметтес болған жандардың естеліктерінде оның тағы бір қыры — сабырлы мінезі, өнерге деген ішкі жауапкершілігі жиі айтылады.
Қазақ телевидениесінде бірге жұмыс істеген әріптесінің естелігінде Тынышбай ағаның көп сөйлемейтіні, бірақ әр сөзінің салмақты болғаны баяндалады. Жұмыс кабинетінің терезе жақтауында үнемі домбыра тұратын. Кейде ақын домбыраны қолына алып, ұзақ уақыт үнсіз отырып, әуен іздейтін.
Естелікте Тынышбай Рақымның өнер туралы айтқан бір сөзі де сақталған: «Ән деген — жүректің ішіндегі айтылмай қалған сөз», ал күйді «сөздің жетпеген жері» деп бағалаған.
Тынышбай Рақым үшін поэзия мен музыка екі бөлек дүние болмаған. Бірі — жүректегі ойдың сөзі болса, екіншісі — сол ойдың сазы еді. Оның «Тоғыз перне — тоқсан күй», «Қобызым — абызым», «Көне мақам — жаңа саз», «Көкірегім — күйсандық» деген кітап атауларының өзінен-ақ ақынның өнер табиғатын қалай қабылдағанын аңғаруға болады.
Оның өзі бір естелікте айтқандай, «Өнер — ұмытылмайтын жалғыз дүние…».