Тіріліп кеткен галерея: Елордалық motion дизайнер ерекше роликті қалай әзірлегенін айтып берді
«Көшеге серуендеуге шыққан кезде басыма осындай идея келді. Көк шынылы үйлерді көргенімде осындай бір туынды шығарса деген ойға беріліп кеттім. Жұмыс уақытынан тыс үйіме барғаннан кейін идеямды іске асырдым. Суреттерді тірілтіп көруге тырыстым. Үйлерде бейнеленген сол суреттерді неліктен тірілтпеске деп толғандым», - дейді Алмаз Дүйсебаев.
Дизайнер тағы бір қызықты жобаны қолға алыпты. «Қазақстан темір жолы» орналасқан елордадағы «Кітап» аталып кеткен ең биік ғимараттардың бірін төбеден фотосуретке түсірген. Осыдан кейін қаладағы сол ғимаратты Абайдың кітабы секілді бейнелеп, жуық арада әлеуметтік желіге таратпақ.
«Шабыт келсе мұндай туынды бірден жарыққа шығады. Кеше кешкі сағат жетіде «Тіріліп кеткен галерея» ролигін таратып жіберген едім. Үйіме келсем шағын ролик бірқатар пабликтерді аралап кетіпті. Бір сағаттың ішінде ақпараттық порталдарда да жарияланып кеткен екен», - дейді ролик авторы.
ҚР Президенті Телерадиокешенінің motion дизайнері алдағы уақытта видеороликтерді өңдеп, шығармашылық жұмысты жалғастыра бермек.