«Тірлігі жоқтар тіл туралы айтады» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 27 маусым. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 27 маусым, сәрсенбі күні шыққан өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековті қабылдады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

Мемлекет басшысы елдің аг­ро­­өнеркәсіп кешеніндегі реформаны жалғастырудың маңыздылы­ғын атап өтті. «Бүгінде біз өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттырып қана қоймай, сондай-ақ тиісінше оның сапасын жақсартуымыз қажет. Бұл үшін қажетті ресурстар бар. Соң­ғы 15 жыл ішінде отандық агро­­өнеркәсіп кешенін дамытуға 1,5 триллион теңге бөлінген, тек 2011 жылы ғана бұл салаға ке­­­мінде 115 миллиард теңге бөлін­ді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы минис­трі Қазақстан Президентіне ауыл шаруашылығының ағымдағы жағ­дайы туралы баяндады, сон­дай-ақ Қазақстан Республик­а­сы­ның агроөнеркәсіп кешенін да­мытудың 2020 жылға дейінгі жа­ңа бағдарламасының тұжырым­­дамалық ережелері туралы мә­лімдеді.


«Жуырда «Баттлер» әлеуметтік клу­бында «Орыс тілінің Қазақстандағы жағ­дайы» атты тақырыптың аясында пікірталас өр­бігені белгілі. Сол жиында алматылық ақын, публицист, блоггер Павел Банников: «Орыс тілі - қазақ мәдениетін басқа да деңгейге көтеру үшін таптырмас құрал. Оның үсті­не орыс тілі біздің елімізде өз­дігінен қазақы сипат алған. Өйткені тұрмыс сананы қа­лыптастырады» деп қойып салды. Ресми тілдің керегесін кеңейтудің бір айласы шығар бұл... Бірақ басқа ұлттың мәдениетін өзге тіл дамытады дегенді бұрын-соңды естіп көрмеппіз...», - деп жазады «Айқын» газеті. Мақала басылымның бүгінгі санында «Тірлігі жоқтар тіл туралы айтады» деген тақырыппен берілген.

 

Осы басылымда Мәжіліс депутаты Оразкүл Асанғазымен арадағы сұхбат «Білім саласының ең бір осал тұсы - тәрбие беру» деген тақырыппен жарияланды. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген халық қалаулысы: «Білім және ғылым министрлігі жоспарын ұлттық тәрбиеге сүйеніп жасау керек. Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлынан: «Неден қорқасыз?» деп сұраған екен. Сонда Баукең: «Біріншіден, баласына бесік жырын айтпаған анадан; екіншіден, немересіне ертегі айтпаған ата-әжеден; үшіншіден, қазақ пен қазақтың қазақша сөйлеспегенінен қорқамын» депті. Біздің тәрбиелік жоспарымыз осы қағидалардан тұруы керек!», - дейді.

 

Ал «Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбаймен арадағы сұхбат жарияланды. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды берген министр: «Жалпы, халыққа уәж айтудан гөрі, сол халықтың датына құлақ асқан жөн болар. Жөн сөз айтар болсақ, барша журналиске, елді жеңіске жетелейтін жетістіктерді жазып жүргендерге де, намысты қамшылап, кемшілікті көрсетіп сын айтып жүргендерге шығармашылық шабыт тілеймін. Ақпаратымыздың айдыны кеңейіп, ана тіліміздің абыройы артып, мәдениетіміз мәуе жайып жатқан заманға біз Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізіп отырмыз», - дейді. Сұхбат «Журналистер күнделікті тарихты жазады» деген тақырыппен басылған.

 

«Өрт - тілсіз жау. Ол айтып келмейді. Кешіксең, кешірмейді. Сол тосылсаң, ол тажал әп-сәтте-ақ айналасын жалмап тынады. Сондықтан ондай жаумен күресу үшін төрт қаруың түгел, сақадай сай болуың қажет, ал бүгінгі күнгі біздің елдегі жағдай қандай?», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті «Тозған техникамен тілсіз жауды тежеп көріңіз!» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, еліміздегі жағдай жетісіп тұрған жоқ. Республиканың көптеген аймақтарында өртке қарсы қызмет деполары жетспейді. Ал барының жағдайы мәз емес. Олардың көпшілігінің құрылғанына 50-60 жыл болған.

 

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Астанада Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов еліміздегі дипломатиялық миссиясын аяқтаған Испания елшісі Альберто Антон Кортеске Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасын табыс етті. Құрмет грамотасымен марапаттау туралы Жарлыққа Қазақ­стан Республикасының Прези­денті Н.Назарбаев 2012 жылғы 12 маусымда қол қойды. Елі­­мізде 4 жыл қызмет еткен испан дипломаты жоғары марапатты екі ел достығы мен Қазақстан-Испания ынтымақтастығын ны­ғайтуға қос­қан үлесі үшін ие­ленді. Кездесуде тараптар түрлі салалар­да­ғы кең ауқымды Қа­зақ­стан-Ис­­па­­­­ния ынтымақтастығын талқылады.