«Титан» батискафы сынықтары арасынан, болжам бойынша, адам сүйектері табылды

ЛОНДОН. ҚазАқпарат – АҚШ-жағалау күзеті «Титан» батискафы қалдықтарының арасынан, болжам бойынша, адам сүйектері табылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.

photo:Reuters

«Титаникке терең сүңгіген кезде жарылып кеткен сүңгуір қайық қалдықтары сәрсенбі, 28 маусымда Канаданың Сент-Джонс портына шығарылды.

АҚШ медицина қызметкерлері адам қалдықтарына ресми талдау жасайды, делінген жағалау күзетінің мәлімдемесінде.

АҚШ жағалау күзетінің теңіз оқиғаларын тергеу комиссиясы (MBI) дәлелдерді ары қарай талдап, зерттеу үшін америкалық портқа жеткізеді.

MBI төрағасы, капитан Джейсон Нойбауэр «Титанның» апатқа ұшырауына себеп болған факторларды анықтап, мұндай қайғылы оқиға қайталанбас үшін әлі ауқымды жұмыс атқаруымыз керек» деп атап өтті. Сонымен қатар, ол экстремал теңіз тереңіндегі деректерді сақтап, қалпына келтіруге көмектескен серіктестерінің үйлескен халықаралық және ведомствоаралық қолдауына алғыс айтты.

Батискаф 18 маусымда су астына сүңгіп кеткеннен кейін 90 минуттан соң жарылып, борттағы бес адам да мерт болды.

Бортта 58 жастағы британ кәсіпкері және зерттеуші Хэмиш Хардинг, 48 жастағы пәкістандық кәсіпкер Шахзада Давуд пен оның 19 жастағы ұлы Сулейман, OceanGate компаниясының директоры 61 жастағы Стоктон Раш, сонымен қатар 77 жастағы француз зерттеушісі Поль-Анри Наржоле болды.

Әуелде ресми тұлғалар мәйіттің табылуы мүмкін екеніне сенбеді.

Кеменің жоғалып кеткені расталғаннан кейін көп ұзамай АҚШ жағалау күзетінің контр-адмиралы Джон Могер «Бұл мүмкін емес, теңіз түбі қауіпті» деді.

Сол кезде капитан Нойбауэр тергеушілер «адам қалдықтарын тапса барлық сақтық шараларын» сақтайтынын және тергеуде куәгерлермен ресми тыңдалым болатынын айтты.

Жағалау күзетінің сөзінше, қазіргі уақытта сүңгуір қайықтың негізгі бес бөлігі Титаниктің тұмсық бөлігіндегі қалдықтар жатқан алаңнан табылды.

Құтқару миссиясын Horizon Arctic канадалық кемесі басқарды, бортында қашықтан басқарылатын Pelagic Research Services аппараты болды. Сәрсенбі күні компания команда теңіз операцияларын аяқтап, базаға қайтып келе жатқанын хабарлаған болатын.

Еске сала кетейік, 18 маусымда «Титан» батискафы Титаник кемесінің мұхит түбінде 3,7 км тереңдікте жатқан қаңқасын көру үшін су астына түсті.

Шамамен 1 сағат 45 минуттан кейін сүңгуір қайықпен байланыс үзілді.

Ауқымды іздестіру-құтқару операциясы Ньюфаундленд (Канада) жағалауында жергілікті уақыт бойынша 17:40 шамасында, «Титан» су бетіне шығуы тиіс уақыттан кейін шамамен үш сағат өткенде басталды.

АҚШ жағалау күзеті Солтүстік Атлант мұхитында жоғалып кеткен «Титан» сүңгуір қайығын іздестіру аймағынан әлдебір жүзу құралының жарықшақтары мен сынықтары табылғанын хабарлады.

Бортта болған бес адам да қаза тапқан.

Сарапшылар «Титан» батискафының қирауына не себеп болғанына өз болжамын айтты.