«Титаник» пен «Кариб теңізінің қарақшылары» фильмдерінің арнайы эффектілерін жасаған компания банкрот болды

АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Digital Domain Media Group деп аталатын  Digital Domain студиясының еншілес компаниясы банкроттық туралы американдық кодекстің 11 бабы бойынша сотқа өзінің өтінішін берді. Бұл туралы Reuters-ке сілтеме жасап, Лента.ру сайты жазады.

Атақты «Титаниктің» арнайы эффектілерін жасаған компаияның қарызы 215 млн. доллардан асып түскен. Ал активтерінің құны 205 млн. доллар. 11 бап бойынша банкроттық компанияны қайта құруды қарастырады. Digital Domain өз жұмысын жалғастырып, 120 күн ішінде сотқа қайта құрудың жоспарын өткізуі тиіс.

Digital Domain Сент-Люси портындағы  (Флорида штаты) анимациялық бөлімін жабуды ұйғарды. Сондай-ақ, қызметшілерінің көп бөлігін, 320 адамды жұмыстан шығарды. Legend 3D студиясы Digital Domain-нан шағарылған жұмысшылардың барлығын өзіне алатындығын хабарлап та үлгерді.  

DDMG-ның акциялары биылғы мамырда өз шыңына шығып, құны 9 долларға жеткен болатын. Ал 11 қыркүйекте бағалы қағаздар 0,5 доллармен сатылды.

Digital Domain-нің негізін қалағандардың бірі әйгілі режиссер Джеймс Кэмерон. Студия кезінде «Титаник», «Кариб теңізінің қарақшылары: жердің шетінде», «Трансформерлер», «Бенджамин Баттонның құпия оқиғасы», «Икс адамдар: Бірінші санат» атты фильмдердің арнайы эффектілерін жасаған болатын.