Ол 12 мың фунт стерлингке бағаланып отыр.
Сақтандыру компаниясының атына жазылған бұл мәлімдемеде «Титаниктегі» апат жайлы баяндалған. Онда суға батқан түні аман қалған офицерлердің ең үлкені, капитанның екінші көмекшісі Чарльз Лайтоллер кеме иесіне 3 млн. фунт көлемінде сақтандыру төлемін қамтамасыз ету үшін айсбергтің көлемін кішірейтіп көрсеткен. Сондай-ақ, команданың қателігін ақтауға тырысқан. Бұл соманы White Star Line компаниясы «Титаник» апатқа ұшырағаннан кейін 30 күннен соң алған.
Лайтоллердің, сонымен бірге капитанның 3-ші, 4-ші және 5-ші көмекшілерінің қолымен бекітілген құжат беттерінде офицер "айсбергке соғылған кезде кеменің сәл ғана дірілдегенін сездік" деп жазған. Соған байланысты капитанның көмекшісі экипаждың салғырттығына қатысты айыптауларды мойындамаған. Сол түні кеменің алдыңғы жағындағы жағдайды бақылаушыларды да барынша ақтап алуға тырысқан.
Henry Aldridge and Son бәссаудасына қойылған 1912 жылдың 19 сәуірінде қол қойылған құжат бұған дейін еш жерде жарияланбаған.
Лайнердің апатқа ұшырауына 102 жыл толуына орайластырылған аукцион 26 сәуірде өтеді, оған 200 лот шығарылады.