МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Қазақстандық Нұрсұлтан Жаңабаев Мәскеудегі бокс кешінде WBC ASIA титулы үшін бірінші орта салмақта филиппиндік Арнел Тинампаймен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атыраулық жас боксшы Нұрсұлтан бұған дейін кәсіби бокста бес кездесу өткізсе, соның төртеуін нокаутпен аяқтаған болатын. Оның қарсыласы А.Тинампай (25-22-1, 11 КО) талайды көрген тәжірибелі боксшы еді.
Он раундқа созылған аса тартысты бәсекеде боксшылар бір-біріне беріспей, барын салды. Әсіресе, бесінші раундта Нұрсұлтанның соққылары көбірек дөп тиді. Дегенмен кездесу барысында оның филиппиндік қарсыласы да алға ұмтылып бақты.
Төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіс Н.Жаңабаевқа берілді. Осылайша ол Мәскеу төрінде WBCASIA титулын жеңіп алды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Айдос Ербосынұлының WBO GLOBAL титулын жеңіп алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).