Тыйым салынған контент оқушыларға қолжетімді болған: Абай облысында мектеп директорлары жауапқа тартылды

АСТАНА.KAZINFORM - Абай облысында прокуратура балаларды зиянды интернет-контенттен қорғады.

Фото: freepik.com

Үржар ауданының прокуратурасы жалпы білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 43-бабы талаптарының сақталуына тексеру жүргізді.

Белгіленген талаптарға қарамастан, 8 мектепте балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін тыйым салынған сайттарға (оның ішінде суицидтік, зорлық-зомбылық сипатындағы және ересектерге арналған контенттерге) еркін қолжетімділік болғаны анықталды.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша мектеп директорлары Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 409-бабы 7-2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл салынды.

Сонымен қатар аталған барлық білім беру ұйымдарында тыйым салынған интернет-ресурстарға қолжетімділік шектелді. Қабылданған шаралар нәтижесінде 1609 мыңнан астам баланың құқығы қорғалды.

Прокуратура ескертеді: кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, заңды өкілдер немесе балалар облыс прокуратурасының сенім телефонына: 8 (7222) 60-07-50 хабарласа алады.

Айта кетейік, Қазақстанда фильмдер прокатқа шығар алдында порнография мен тыйым салынған контентке тексеріледі.