Павлодарлық азамат тыйым салынған затты тергеу изоляторына кіргізбек болған

АСТАНА. KAZINFORM – Павлодардағы тергеу изоляторына сәлемдеме әкелген азамат тауық етіне екі телефон мен үш интернет-роутер жасырып өткізбек болған. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Фото: pyxabay.com

Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №63 мекемесінде сәлемдемелерді қабылдау кезінде рентген қондырғысын қолдану арқылы пайдалануға тыйым салынған заттар анықталып, тәркіленді. Екі телефон, үш роутер, сондай-ақ сим-карталарды 44 жастағы павлодарлық әкелген үш гриль тауықтың ішіне айлалы орап, жасырған.

– Сәлемдемені денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін жазасын өтеп жатқан 38 жастағы сотталған азаматқа танысы алып кірмек болған. Тексеріс кезінде тыйым салынған заттар табылып, тәркіленді, – дейді №63 мекеме бастығы Берик Рахимов.

Тергеу изоляторының қызметкерлері сотталғандармен және олардың туыстарымен сәлемдемелерді жеткізу және мекемеге бару кезінде тыйым салынған заттарды алып жүруге жол бермеу туралы жүйелі түрде әңгімелесу жүргізеді. Дегенмен келушілер заң алдында жауапкершілікке әкеп соғатын мұндай құқық бұзушылықтарды доғармай отыр. Ер адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Материалдар сотқа жіберілді.