ТҚС қызметкері клиенттің қымбат көлігін мініп кетті

АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат -  Техникалық қызмет көрсету орнының (СТО) қызметкері иесіне білдірмей тұрақтағы «Порш Каен» көлігін мініп бара жатқан жерінен ұсталды.

Астана қалалық ішкі істер департаменті Жол полициясы басқармасының хабарлауынша, оқиға кеше түнгі 22-15-тер шамасында болған. Жол полициясының қызметкерлері қызмет барысында Жұмабаев көшесінен Мұңайтпасов көшесіне қарай апатты жағдайдан хабар беретін белгісін жағып бара жатқан «Порш Каен» көлігін көріп, тоқтауға белгі береді. Алайда жүргізуші ескертуді елемеген соң, полиция көліктің ізіне түседі. Ал «Порш Каеннің» жүргізушісі жылдамдықты арттырып, қашуға әрекеттенеді. Жол-жөнекей ол тіпті апатқа ұшырап қала жаздайды. 

Полиция қызметкерлері көлікті Жирентаев пен Петров көшелерінің қиылысында  тоқтатады. Алайда жүргізуші көліктен шығып жаяу қаша жөнеледі. Бірер минуттан соң ол қолға түсті. Тексеру шарасы көрсеткендей, күдікті 1986 жылы туылған П. атты азамат болып шықты. Ол көлікті спирттік ішімдік ішіп алып жүргізген екен. Ал көлігін өзге біреудің жүргізіп жүргенін иесі білмейтін болып шықты. Ұсталған азаматтың жүргізуші куәлігі де жоқ. Оның қаладағы көлікке қызмет көрсету орындарының бірінің қызметкері екендігі анықталды. Ол 10 тәулікке әкімшілік құқық бұзу әрекеті бойынша ұсталғандарды қамайтын орынға жеткізілді. Күдікті осы әрекеті бойынша заң алдында жауап беретін болады.