ТКШ агенттігі мемлекеттік қордан баспанаға үміткерлерден құжат жинау үдерісін жеңілдетеді
Бұл туралы бүгін аталған ведомствоның алқа мәжілісінде агенттік төрағасының орынбасары Николай Тихонюк мәлім етті.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында дәл осы тапсырманы бергендігін атап өткен оның айтуынша, қазіргі уақытта агенттік «Қазақстан Республикасының тұрғын-үй қатынастары жөніндегі бірқатар заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірлеу бойынша жұмыс тобын құруда.
«Аталған заң жобасында, сонымен қатар заңнамалық актілер мен ТҚШ-ны жаңғырту бағдарламасында Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау көзделген. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға үмітті азаматтарды есепке қою мемлекеттік стандарттары аясында құжаттар жинау үдерісін оңтайландыру болжануда», - деді ол.
Оның атап өтуінше, мұндай үдеріс бекітілген жағдайда азаматтар тек қана өтініш береді. Ал қажетті құжаттар мүдделі мемлекеттік органдардан электронды сұраным бойынша автоматты режімде жиналады.