Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің басшысы Серік Нокин мәлім етті.
«Соңғы жылдары құрылыс сапасына байланысты көптеген ескертулер болды. Осыған байланысты біздің тарапымыздан қолданыстағы заңнама нормаларын қатаңдатуға байланысты жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді С. Нокин.
Оның сөзіне қарағанда, биылдан бастап үш категорияны қарастыратын лицензиялаудың жаңа жүйесі енгізілді. «Биылдан бастап біз құрылыс нарығынан өз жұмысына жауапсыз қарайтын және мамандандырылмаған құрылыс ұйымдарын шеттететін боламыз», - деді агенттік басшысы.
Осы орайда ол, тұрғын үйлерді екінші категориялы лицензиясы бар және 5 жылдық тәжірибе жинақтаған компаниялар ғана салуы тиістігін және салынған нысандар бойынша оңтайлы ұсыныстар алуы қажеттігін атап өтті. «Осындай ұсыныстары жоқ құрылыс компанияларына лицензиялар берілмейді. Олар осыдан кейін көп қабатты үйлерді салмайтын болады»,-деп атап өтті С. Нокин.