Тікұшақ, кортеж, қымбат көлік: Маңғыстау түлектері соңғы қоңырауды «шоуға» айналдырды

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстаудағы биылғы соңғы қоңырау тек мектеп мерекесі ғана емес, нағыз сән-салтанат шеруіне айналғандай. Әлеуметтік желіде Жаңаөзен қаласындағы №3 мектеп түлектерінің видеосы жұрттың қызу талқысына түсті.

Фото: видеодан скрин

Олар жол талғамайтын көліктерден құралған ұзын-сонар автокортеж ұйымдастырып, тіпті тікұшақпен жүрген бейнежазба таратты.

Осы бейнежазбаға байланысты Жаңаөзен қалалық білім бөлімі ресми жауап берді. Айтуынша, тікұшақ жасанды интеллектпен жасалған.

- 2026 жылғы 25 мамыр күні Жаңаөзен қаласындағы №3 жалпы білім беретін мектептің 11 сынып түлектері салтанатты іс-шара аяқталғаннан кейін қала аумағындағы орталық алаңдарда естелік фотосессия ұйымдастырған. Аталған іс-шара барысында түлектер тарапынан 10 автокөліктен құралған кортеж пайдаланылғаны анықталды. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадағы тікұшақ көрінісі жасанды интеллект бағдарламасы арқылы жасалғаны белгілі болды. Сондай-ақ бейнематериалда оқушылар қолындағы атқылаған заттың кішкентай балаларға арналған сусын екені нақтыланды, - делінген хабарламада.

Маңғыстау облыстық Полиция департаменті 25 мамыр күні күшейтілген режимде жұмыс істеп, қосымша полиция жасағын жұмылдырған.

- Өткізілген шара барысында 236 автокөлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылып, заңнама талаптарын бұзған 388 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде жарияланған барлық бейнематериалды полиция қызметкерлері жедел түрде зерделеп, әрбір дерек бойынша тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп, қолданыстағы заңнама аясында шаралар қабылданды, - делінген хабарламада.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Жаңаөзендегі мектеп түлектерінің әрекетіне қатысты пікір білдірген болатын.