Тіл жанашырлары бір жылда 5 млн тал еккен: Президент «Дала орманы» жобасын қолдады

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдіктерге «Дала орманы» жобасына қолдау білдіруді тапсырды. Бұл «Қазақ тілі» ұйымының «Таза Қазақстан» жобасына қосқан нақты үлесі болмақ.

Фото: Құрылтай

— Маған кеше «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Рауан Кенжеханұлы «Дала орманы» деген жақсы жобаны таныстырды. Бұл ұйым бір жылдың ішінде серіктестерімен бірге 400 гектар жерге 5 миллион тал еккен. Осы жұмыстың нәтижесінде еліміздің үш облысында 4 үлкен орман питомнигі құрылған, — деді Президент «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында.

Президент оның ауқымын одан әрі кеңейтуді тапсырды. Ұйым әр ауылдың маңынан 25, аудан орталығының қасынан 50, ал үлкен қалалардың маңайынан 100 гектардан көшеттер өсіретін саябақтар ашуды жоспарлап отыр.

— Мен мұны толық қолдаймын. Дұрыс бастама. Үкімет пен әкімдіктер де бұл жұмысқа атсалысуы қажет. Осы жобаның арқасында Қазақстандағы орман алқабын 14,5 миллион гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік туады. Бұл «Қазақ тілі» ұйымының «Таза Қазақстан» жобасына қосқан нақты үлесі болмақ. Қазақтың даласы орманға айналмайды деп кім айтты?! Орманды өсіру де, даланы жайнату да біздің қолымыздан келеді. Сондықтан «Дала орманы» жобасын сапалы жүзеге асыру өте маңызды. Бәріміз қолдайық, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөз сөйлеп жатыр.

Президент қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін табанды жұмыс істеу керектігін айтуда.

Жаңа Конституцияда «Тәуелсіздік» және «Егемендік» сөздерін бас әріппен жазылатын болды.