Тілбұзар тілші көбейді - журналистика факультеттерінде қазақ тілі қалай оқытылады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде БАҚ материалдарында калька қолданысты, орашолақ сөйлемдерді, түрлі грамматикалық қателіктерді жиі кездестіретініміз рас. Журналистер мұндай олқылыққа жол бермеу үшін университетте білім алып жүргенде-ақ, берік негіз қалыптастырғаны абзал. Осы орайда, Ғылым және жоғары білім министрлігіне ресми сауал жолдап, отандық ЖОО-лардың журналистика факультеттерінде қазақ тілі және әдебиеті қалай оқытылатынын анықтадық.

Фото: Kazinform / ЖИ

Министрлік Білім беру бағдарламалары тізілімінің 2026 жылғы 1 қазандағы деректерін ұсынды. Оған сай, «Журналистика және репортер ісі» бағытында бакалавриат деңгейінде 32 жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының 55 білім беру бағдарламасы бар.

Жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес, қазақ тілі пәні барлық мамандықтың студентіне міндетті түрде оқытылады. Атап айтқанда, қазақ тілі бойынша оқу бағдарламасының көлемі – 300 академиялық сағат (10 кредит).

Дегенмен, болашақ журналистер тіл заңдылықтарын өзге сала студенттерінен гөрі анағұрлым терең меңгеруі тиіс екені түсінікті. Кей ЖОО-лар бұған баса мән беріп отыр.

– 12 білім беру ұйымында (соның ішінде Торайғыров университеті, Инновациялық Еуразия университеті, М. Әуезов атындағы ОҚУ, Astana IT University) жоғары оқу орны немесе таңдау компоненті аясында кәсіби қазақ тілі мен журналистік мәтін жазу пәндері қосымша енгізілген. Ал Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және басқа да ЖОО-ларда бірқатар арнайы интеграцияланған пәндер (қазіргі БАҚ тілі мен стилі, сөйлеу мәдениеті және стилистика, қазақ тілінің стилистикасы және т.б.) оқытылады, – делінген министрлік жауабында.

Сонымен қатар, журналистің әдеби тіл нормаларын сақтауы, ойын сауатты жеткізуі және мәтінді редакциялау дағдысы – кәсіби даярлықтың маңызды бөлігі. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәлімдеуінше, грамматикалық сауаттылық пен сөздік қор мәселелері назар аударуды талап етеді.

– Қазақ тілі бойынша үлгілік оқу бағдарламасы морфологияны, синтаксисті, сөз қолдану нормаларын меңгерту және әртүрлі стильдегі мәтіндермен жұмыс істеу міндеттерін қояды. Бұл дайындық стилистика, сөйлеу мәдениеті, бұқаралық коммуникация тілі мен стилі және редакциялау пәндері арқылы жалғасады. Мысалы, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде стилистика және редакциялау шеңберінде баспасөз тіліндегі қателер талданады, – делінген хабарламада.

Одан бөлек, министрліктен журналистика факультеттерінде қазақ әдебиеті пәнін оқыту жөнінде де сұрадық.

– Қазақ әдебиетіне келетін болсақ, жоғары оқу орындары бағдарлама мақсаттары мен стандартқа сәйкес тереңдетілген пәндерді өз бетінше енгізе алады. Мұндай мүмкіндікті ЖОО-лар қазірдің өзінде белсенді қолданып жатыр. Мысалы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де қазақ әдебиетінің тарихына 6 академиялық кредит бөлінсе, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде 5 кредит қарастырылған. Ал Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде қазақ әдебиеті мен өнерінің тарихы жоғары оқу орны компонентіне енгізілген, – делінген ресми жауапта.

Айта кетейік, бұған дейін ЖОО-дағы жаңа модель, яғни бірқатар мамандық бойынша үш жылдық оқыту ұсынылғанын жазғанбыз.