Тілдің болашағы сол тілде адамның не жасай алатынына байланысты — Аймағамбетов

АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында Президент көтерген мәселелерге пікір білдіріп, ұлттық цифрлық деректер қорын қалыптастыру, ғылыми терминдерді біріздендіру және қазақ тіліндегі жасанды интеллектіні дамыту қажеттігін атап өтті.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— Мемлекет басшысы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында өте маңызды мәселелерді қозғады. Әсіресе, ғылым мен білім, терминология, жасанды интеллект және қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын жасау туралы айтылған ойларға ерекше тоқталғым келеді. Өйткені бұлар — бір-бірімен тікелей байланысты дүниелер. Білім саласындағы бағыт айқын. Президент атап өткендей, биыл бірінші сыныпқа барған балалардың 71 пайызы қазақ мектебін таңдады, яғни қазақ тілінде білім алуға деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Ендігі басты мәселе — осы сұранысты сапалы мазмұнмен толтыру. Қазақ тіліндегі пәндерді оқыту әдістемесі, ғылыми терминдердің бірізділігі, мұғалімдердің кәсіби деңгейі мен заманауи білім ресурстарының қолжетімді болуы қазір бірінші кезекке шығып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің терминология мен орфографияны ретке келтіру туралы тапсырмасы өте орынды. Бұл тек тіл тазалығы емес, білім сапасына тікелей әсер ететін фактор, — деп жазды Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның сөзінше, жасанды интеллектінің қарқынды дамуы бұл жұмыстың маңызын тіпті арттырып жіберді. Бұрын сапасыз аударма немесе қате термин бір кітаптың ішінде ғана қалып қоятын еді. Қазір ондай қателер цифрлық жүйелер арқылы лезде таралып кетеді.

— Жасанды интеллектінің қазақ тілінде қаншалықты сауатты әрі сапалы жауап беретіні де оған жүктелген деректердің сапасына тікелей байланысты. Бұл мәселені көтеріп, 2024 жылы әріптесім Айдос Сарым екеуміз «Мәдениет туралы» заңға арнайы түзетулер енгізуге бастамашы болдық. Соның нәтижесінде Қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры мен Ұлттық корпусын құрудың, сондай-ақ қазақ тілінің үлкен тілдік моделін (LLM) әзірлеудің заңнамалық негізі жасалды, яғни заң бар. Ендігі міндет — соны сапалы әрі созбалаңға салмай жүзеге асыру. Оның үстіне жинақталған деректерді тек адам ғана емес, компьютерлік жүйелер де оңай оқып, өңдей алатын форматта жасау маңызды. Әйтпесе цифрланған мол мұрамыз жаңа технологиялардың кәдесіне жарамай, сөреде шаң басып қала береді, — дейді депутат.

Сондай-ақ терминдердің ғылыми анықтамасы, халықаралық баламасы мен қолданылу мысалдары көрсетілген, үнемі жаңарып отыратын бірыңғай цифрлық жүйе ауадай қажет. Оның айтуынша, әлемде мұндай тәжірибе бар.

— Тағы бір маңызды жайт. Біз балаларымыздың бірнеше тіл білгенін қалаймыз. Бұл — сөзсіз үлкен артықшылық. Бірақ тек қазақ тілінде оқитын баланың сапалы ғылыми ақпарат алу мүмкіндігі басқа тілде оқитын құрдасынан кем болмауы керек. Ана тілінде оқып-ақ әлемдік ғылымды меңгеруге, күрделі технологияларды игеруге және жаңа білім қалыптастыруға толық мүмкіндік болуы қажет. Сондықтан қазақ тілінің дамуын тек сөйлейтін адам санымен немесе қазақша жазылған іс-қағаздардың үлесімен өлшеу жеткіліксіз. Қазақ тілінде қандай сапалы білім беріліп жатыр? Қандай ғылыми еңбектер мен заманауи оқулықтар жазылып жатыр? Қандай технологиялар мен жаңа өнімдер шығып жатыр? Жасанды интеллект қазақша қаншалықты еркін сөйлейді? Университеттердегі заманауи курстар мен цифрлық ресурстардың деңгейі қандай? Міне, нағыз көрсеткіш — осылар. Қысқасы, тілді дамытудың ең тиімді жолы — оны тек талап ету ғана емес, сол тілде сапалы білім алуға, табысты еңбек етуге және жаңалық ашуға мүмкіндік беретін орта қалыптастыру. Өйткені тілдің болашағы сол тілде адамның не жасай алатынына тікелей байланысты. Президенттің бүгінгі сөзінен түйген басты ойларымның бірі осы болды, — деп түйіндеді Асхат Аймағамбетов.

Осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөйлеген сөзінің толық нұсқасы жарияланды.