Еске салайық, «1994 жылғы 15 сәуірдегі Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысушыларға, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына арналған жеңілдіктер мен кепілдіктерді өзара тану туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланған болатын.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жекелеген санаттағы азаматтарды, соның ішінде Ұлы Отан соғысына қатысушыларды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуде осы келісім маңызды рөл атқарды.
«Бүгінгі күні ТМД мемлекеттерінің әлеуметтік-экономикалық саласында ұлттық заңнамалары қалыптасты. Сонымен қатар, әр елдің өздерінің әлеуметтік саясаты бағытында спецификалық үлгілері жасалған. Ал Келісімге келсек, ол бұрынғы кеңестік жүйенің жеңілдіктері мен кепілдеріне негізделген. Сондықтан да, осы құжатқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туындап отыр», - деп түсіндірді министр Т. Дүйсенова.
Хаттама негізінен бірқатар ТМД мемлекеттерінде ақшалай төлемдердің нақты жеңілдіктермен ауыстырылуын есепке ала отырып, өзектендіруді қарастырады. Бұнымен қоса, соғыс ардагерлеріне басқа ТМД мемлекеттерінің аумағында уақытша болуы кезіндегі берілетін кепілдердің тізімі нақтыланады.
Бұдан бөлек, келісім қамтылатын тұлғалар санаты да кеңейтіліп отыр. Атап айтқанда, бұған Украина КСР-і, Беларусь КСР-і, Литва КСР-і, Латвия КСР-і, Эстония КСР-і аумағында 1944 жылдың 1 қаңтары мен 1951 жылдың 31 желтоқсаны аралығында әрекет еткен заңсыз құрылымдар мен топтарды (бандитизм) жою жөніндегі соғыс операцияларына қатысушылар да жатқызылады. Бұдан бөлек, келісім бойынша соғыс қимылдарына қатысқандар арасынан бұрынғы КСРО азаматтарының белгілі бір санатын анықтау үшін бірыңғай қадамдар әзірлеу мақсатында соғыс қимылдары болған мемлекеттер, қалалар, территориялар мен кезеңдер тізімі толықтырылады.
Аталған хаттамаға Душанбе қаласында 2015 жылдың 30 қазанында қол қойылған.