ТМД байқаушылар миссиясы сайлау кезіндегі Қазақстан прокуратурасының заңдылықты қамтамасыз ету шараларымен танысты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Асхат Дауылбаев ТМД Байқаушылар миссиясы штабының басшысы Евгений Слободамен кездесті.

ҚР Бас прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында тараптар Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлау кезеңіндегі заңдылықты қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Бас Прокурор сұхбаттасушыны электоралдық процестің заңдылығын қамтамасыз ету бойынша прокурорлар қабылдаған ұйымдастырушылық шаралар, түскен шағымдардың сипаты және оларды шешу нәтижелері туралы ақпараттандырды.

А.Дауылбаев жалпы сайлау науқаны құқықтық өріс аясында өтіп жатқанын және прокурорлардың сайлау туралы заңнаманы өрескел бұзушылықтар тіркемегенін атап өтті.

Е.Слобода ТМД Байқаушылар миссиясы жұмысының функциясы мен мақсаттары туралы баяндады, Қазақстандағы Парламент Мәжілісінің депутаттарын кезектен тыс сайлауды дайындау мен өткізуге қатысты әсерімен бөлісті.

Тараптар мемлекеттік органдардың, оның ішінде прокуратура органдарының сайлаудың айқындығын қамтамасыз ету бойынша күш-жігерін атап көрсетті.

«А.Дауылбаев Бас прокуратураның электоралды кезеңде заңдылықты қамтамасыз етумен байланысты барлық мәселелер бойынша халықаралық байқаушылармен сындарлы сұхбатқа дайын екенін атап өтті», делінген хабарламада.