ТМД байқаушыларының миссиясы сайлау комиссиясы мүшелерінің санын арттыруды ұсынды

АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстанда өткен кезектен тыс президенттік сайлауға бақылау жүргізген ТМД миссиясының мүшелері сайлаушылары көп учаскелерде сайлау комиссиясы мүшелерінің санын арттыруды ұсынды.

«Миссия штабы ТМД Парламентаралық Ассамблеясының демократияның дамуын, парламентаризм және азаматтардың құқықтарының сақталуын мониторингілеу халықаралық институтымен бірге Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына талдау жасады», - деді ТМД байқаушылары миссиясының басшысы Сергей Лебедев.

«ҚР Сайлау туралы» конституциялық заңның кейбір ережелері нақтыланса дейміз. Мысалға, біздің пікірімізше, сайлаушылары көп учаскелерде сайлау комиссиясы мүшелерінің санын арттыруға мүмкіндік беру мәселесін қарастыруға болады. Мен және менің әріптестерім, өзге қатысушылармен бірге кейбір учаскелерде ұзын-сонар кезектерді көрдік. Әрине, бұл сайлаушылардың көңіліне қаяу түсірмей қоймады», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, сайлаушылардың санына қарамастан сайлау учаскелерінде сайлау комиссиясының тек жеті мүшесінің ғана болуы дұрыс емес.

«Онымен бірге біз, конституциялық заңды халықаралық байқаушыларға сайлау процесін реттейтін барлық құжаттарға қол жетімдікті қарастыратын және сайлау комиссиясынан заңнамада көрсетілген құжаттардың көшірмесін алуға рұқсат беретін ережелермен толықтыруды ұсынар едік. Біз оларды онсыз да алдық. Дегенмен заң жүзінде бекітілсе игі», - деді миссия басшысы.

«Біз, ҚР заңнамасы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің демократиялық сайлаулар, сайлау құқығы мен бостандығы туралы конвенциясының ережелеріне жауап береді деген түйін жасадық. Және ол заңнама еркін және демократиялық сайлауларды өткізуге мүмкіндік береді», - деп аяқтады сөзін Лебедев.