ТМД Экономикалық сотының судьясы В. Сейтімова қызметінен босатылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда комитет мүшелері ТМД Экономикалық сотының судьясы Венера Сейтімованы басқа қызметке тағайындалуына байланысты қызметінен босату туралы мәселені қарады.

Жиын барысында белгілі болғанындай, бүгінгі таңда ТМД Экономикалық соты таратылудың алдында тұр. Өйткені, Минск қаласында ЕурАзЭҚ соты қызмет етуіне байланысты ТМД Экономикалық сотында қаралатындай еш мәселелер туындамаған. Яғни, ТМД деңгейіндегі соттың орнына ЕурАзЭҚ соты қызмет етіп келеді.

Ал ТМД Экономикалық сотының түпкілікті жұмысын тоқтату туралы мәселе мемлекеттер басшылары деңгейінде қаралу үстінде. ҚР Жоғарғы соты Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалау сот алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыровтың айтуынша, халықаралық соттағы қазақстандық өкіл В. Сейтімова басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылатын болады.

Талқылаудан соң, комитет мүшелері мәселені Сенаттың жалпы отырысына шығару туралы шешім қабылдады. Еске сала кетейік, ҚР Конституциясына сәйкес, ҚР Президентінің ұсынысы бойынша ҚР Жоғарғы сотының судьяларын қызметінен босату Сенаттың ерекше қарауына жатады.