ТМД елдері азық-түлік қауіпсіздігі бойынша ортақ құжат қабылдады

Астанада ТМД елдері ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастықты арттыра түсетін құжат қабылдады, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Біз Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Ресей Федерациясының, Тәжікстан Республикасының, Түрікменстанның, Өзбекстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлері мен делегацияларының басшылары 2023 жылғы 20 қазанда Астанада Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің министрлік конференциясына қатыстық», – делінген құжатта.

Сонымен қатар конференцияға қатысушылар Қазақстанның ТМД агроөнеркәсіптік кешен мәселелері жөніндегі үкіметаралық кеңес жанынан азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне арналған жедел штаб құру туралы ұсынысын құптады.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

 

Одан бөлек, ТМД елдерінен келген қонақтар «KazAgro/KazFarm-2023» көрмесіне қойылған озық ауыл шаруашылығы техникаларымен, жетекші әлемдік ауыл шаруашылығы концерндерінің жабдықтарымен, инновациялық технологиялармен және ауыл шаруашылығы секторын дамытуға арналған бағдарламалармен танысты.

Бұған дейін министр Қазақстан ТМД-да азық-түлік жеткізудің өңірлік хабы болуға дайын екенін айтқан еді.

Айта кетейік, бүгін Астанада ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі министрлер конференциясы өтті.