Бұл туралы бүгін Республика судьяларының VII съезінде ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат
Қайрат Мәми өз сөзінде съезд ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу шеңберінде өтіп жатқандығын атап өтті. Сонымен қатар ол осы жылдар ішінде Қазақстан демократиялық саяси-құқықтық жүйесі бар мемлекет ретінде қалыптасып, әлемдік аренада жоғары беделге ие болғанын, Мемлекет басшысының бейбіт және тұрақты дамуды қамтамасыз ету жөніндегі ғаламдық бастамалары мен нақты істері халықаралық қауымдастық тарапынан қолдау тапқанын баса айтты.
«Соттар халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жаңа тұрпаттағы сот құрылымы мен сот ісін жүргізуді қалыптастыру бойынша стратегиялық мақсатты басшылыққа алды. Бүгінде мұндай сот жүйесі қалыптасты және табысты дамуда», - деді Мәми.
Жоғарғы сот төрағасы тәуелсіздік жылдары ішіндегі сот жүйесін дамытудың бірқатар негізгі нәтижелерін атап өтті.
«Соттардың тәуелсіздігі мен судьялардың мәртебесі айрықша бекітілді, сот құрылымы мен сот ісін жүргізуде түбегейлі өзгерістер орын алды. Төрелік соттарды тарату нәтижесінде құрылған шаруашылық істер жөніндегі алқаларды қосу жолымен Жоғарғы сот пен облыстық соттар қайта құрылды. 20 жылдан кейін Қазақстанның осы тәжірибесін ТМД-ның басқа елдері басшылыққа алды», - деді ол.