ТМД елдерінің кітапханашылары елордадағы халықаралық форумға жиналды

АСТАНА. 26 қыркүйек. ҚазАқпарат - «Астана - Достастықтың  мәдени астанасы» жылы аясында бүгін  Астана қаласында

«Достастық кітапханалары: ықпалдастық, инновация және жалпыға ортақ қолжетімділік» атты ТМД елдері кітапханашыларының форумы басталды.  

Форумның мақсаты - достастық елдері арасында мәдени және кітапханааралық байланыстарды нығайту, Астана қаласын 2012 жылғы Достастық елдер кітапханалары астанасы  ретінде насихаттау.

Форумның күн тәртібінде Достастық елдерінде кітапхана ісі бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, мәдени, этникалық, тілдік және көпконфессиялық жағдайдағы кітапханалардың қызмет көрсетуін, сандық технологияларды пайдалану негізінде мәдени мұраға қол жеткізуді қамтамасыз етудегі кітапханалардың өзара ықпалдастығының тетігін анықтау, кітапханашылардың кәсіби деңгейін жетілдіруді кітапханалардың заманауи талапқа сай ойдағыдай даму факторы ретінде қарастыру сияқты өзекті мәселелер талқыланады.

Форум шеңберінде «Қазақстан Республикасының индустриалық-инновациялық даму талаптарына сай кітапхана қорларын қалыптастыру» атты семинар өткізіледі.

Аталған жиынның ашылуы барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің үндеуін оқып берді.

Форумға ТМД елдерінің Ұлттық кітапханаларының директорлары,  Қазақстан кітапханаларының басшылары мен жетекші мамандары, сонымен қатар Достастық елдерінің Мәдениет министрліктерінің, халықаралық ұйымдардың (ЮНЕСКО, МГЫҚ, ТҮРКІСОЙ, ИФЛА, Еуразиялық Кітапханалық қауымдастық және т.б.) өкілдері шақырылды.