ТМД елдерінің Мәдениет саласындағы ынтымақтастық тұжырымдамасы әзірленуде

САНКТ-ПЕТЕРБОР. Сәуірдің 3-і. ҚазАқпарат /Елена Мягкова/ - Экономикалық және геосаяси айырмашылықтарға қарамастан, Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттер мәдениет тұтастығын сақтап қалып отыр.

Дәл осы мәдениет келешекте аталған елдердің арасында достық пен тату көршілік қарым-қатынасты әрі қарай дамытуға әсер ететін басты біріктіруші факторлардың бірі бола алады. Әзірбайжан Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінің халықаралық байланыстар және мәдени бағдарламалар бөлімінің халықаралық ұйымдармен және бағдарламалармен ынтымақтастық секторының меңгерушісі Яшар Гусейнли осындай пікір білдіріп отыр, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне Достастықтың Атқарушы комитетінің баспасөз қызметінен. Яшар Гусейнли Достастық елдерінің Мәдениет саласындағы ынтымақтастық тұжырымдамасының жобасын толықтыру жөніндегі сарапшылар тобының Минскіде өткен мәжілісіне Төраға болып сайланды. Оның айтуынша, құжат Мәдени ынтымақтастық жөніндегі кеңестің XXII мәжілісінің шешіміне сәйкес әзірленіп отыр және ол аталмыш саладағы өзара іс-қимылдардың мақсаттары, қағидалары мен негізгі бағыттары туралы ресми көзқарастар мен шарттардың жинағы болып табылады.