ТМД елдеріндегі ЖІӨ құрылымында қызмет көрсету үлесі қандай
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы, инвестициялар құру, қызметі және оларды жүзеге асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.
- Келісімнің негізгі мақсаты - ТМД-ға мүше елдердің көрсетілетін қызметтерінің еркін сауда аймағын қалыптастыру. Қызмет көрсету саласы жаһандық экономикалық өсудің ең үздік драйвері. Дамыған елдерде дүниежүзілік жалпы ішкі өнімнің шамамен 70 пайызын және дамушы елдерде 50 пайызын қызметтер құрайды. Қазақстанның жалпы ішкі өнім құрылымында қызмет көрсету үлесі 50 пайыздан астам, ал ТМД елдерінде бұл көрсеткіш 40 және 60 пайыз аралығында. Қазір жаһандық жалпы ішкі өнімдегі қызмет көрсету үлес өсіп жатыр. Заманауи технологиялардың қарқынды дамуы аясында бұл тенденция тек қана қарқын алады. Сондықтан біз үшін қызмет саудасына ерекше көңіл бөлу маңызды, - деді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.
Оның айтуынша, келісім ТМД-ға мүше мемлекеттердің қызмет берушілері үшін серіктестер нарығында неғұрлым тиімді шарттар ұсыну туралы міндеттемелерді бекітуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ТМД кеңістігінде неғұрлым қолайлы инвестициялық ахуалды құрады. Қазақстанның ТМД елдерімен көрсетілетін қызметтерінің саудасы 2024 жылдың 9 айында 3,2 млрд АҚШ доллары болды. Бұл ретте экспорттық қызмет көрсету 1,61 млрд долларға жетті. Оның ішінде іскерлік, көлік, телекоммуникациялық, экологиялық, қаржылық және білім беру, құрылыс және туризм сияқты қызмет салаларында кепілдік береді. Ал ТМД елдерінен келген телекоммуникация, компьютерлік және ақпараттық қызмет, туристік, техникалық бағытта импорттық қызмет көрсету 1,59 млрд АҚШ долларын құрады.
- Сонымен қатар, келісімде халықаралық тәжірибеге сәйкес, инвесторлардың мүддесін қорғаудың жоғары деңгейі ескерілген. ТМД елдерінен Қазақстан Республикасына тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны былтырғы 9 айда 2,8 млрд АҚШ долларын құрады. Құжатқа Қазақстанның мемлекеттік сатып алу, жер мәселелері, жер қойнауын пайдалану, табиғи монополиялар, жаңартылатын энергия көздерін реттеу сияқты мәселелері жатпайды. Келісімді ратификациялау ТМД мемлекеттерінің сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейтуге, көрсетілетін отандық қызметтер экспортын ынталандыруға, қазақстандық кәсіпорындар ТМД-да өз филиалдардың ашу кезінде, қолайлы жағдай және өзара инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді, - деді министр.
Айта кетейік, 28 сәуірде Өзбекстан астанасында ТМД Экономикалық кеңесінің отырысы өтеді.