Чемпионатты ашқан ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Мұқан Дүйсекеев аталған жарысты «достастық армиялардың әскери-спорттық өміріндегі айтулы оқиға» деп атап өтті.
«Осындай жарыстар халықаралық спортты дамытудың көпірі ретінде Достастық елдері арасындағы байланысты және «спорттың әскери-қолданбалы түрі оның ішінде табельдік қарудан оқ ату және офицерлік үшсайыс әскери қызметшілердің кәсіби даярлығын нығайтуға мүмкіндік жасайды», - деді М Дүйсекеев.
Қатысушылар алдында, сондай-ақ, ТМД- ға мүше мемлекеттердің Қорғаныс министрлері Кеңесі жанындағы спорт комитетінің төрағасы - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Армия спорт клубының бастығы полковник Ерлан Таласбаев сөз сөйледі.
Үш күн бойы Қырғызстан, Ресей және Қазақстан Қарулы күштерінен келген әскери-спортшылар табельдік қарудан оқ ату және офицерлік үшсайыс бойынша сынға түспек.
Чемпионаттың мақсаты достастықты нығайту және Достастық елдері арасында спорттың бұқаралылығын арттыру, әскерилердің дене дайындығын және моральді-психологиялық тұрақтылығын күшейту болып табылады.
Бүгін офицерлік үшсайыстың бірінші кезеңі өткізілді.
Чемпионат жалауы 13 қыркүйекте түсірілетін болады.