ТМД-ға Украина төрағалығы Достастықтың қарышты дамуын қамтамасыз етуге бағытталатын болады - В.Янукович

АСТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат - ТМД-ға 2014 жылғы Украина төрағалығы Достастықтың қарышты дамуына қамтамасыз етуге және өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға бағытталатын болады. Бұл туралы бүгін Минскіде ТМД мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында Украина президенті Виктор Янукович мәлім етті, деп хабарлады БЕЛТА.

Төрағалық тұжырымдамасына сәйкес біз өз жұмысымызды ең алдымен ТМД-ның одан әрі қарышты дамуын қамтамасыз етуге және әрбір қатысушы мемлекеттің ұлттық мүдделеріне жауап беретін өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға бағыттауды жоспарлап отырмыз», - деді В.Янукович.

Оның айтуынша, Украина жұмыстың басымдықты бағыттарының бірі сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту деп санайды, ол ДСҰ-ның принциптері мен еркін сауда аймағы туралы шарт қағидаларына негізделуі тиіс. «Біздің пікірімізше, бұл шарт толық күшінде жұмыс істеп, онда қарастырылған тетіктер нақты іске қосылуы тиіс, - деді Украина президенті. - Теңқұқылы бәсекелестікті, жеке меншік иесі мен инвестордың құқығын қорғау үшін барлық жағдайлар қалыптастыру қажет, сауда мен инновациялық ынтымақтастыққа бөгет жасап отырған жасанды кедергілер алынып тасталуы қажет».

Виктор Януковичтің пікірінше, ТМД елдерінің ортақ мүдделеріне, сондай-ақ ғылыми-техникалық және инновациялық салалардағы, энергетикадағы, көліктегі, машина жасаудағы, ауыл шаруашылығындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру сәйкес келеді.