Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловпен кездесу барысында ТМД миссиясы байқаушыларының басшысы Сергей Лебедев мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, ТМД миссиясы байқаушыларының қызметіндегі басты ұстаным - объективтілік. «Біз көптеген мемлекеттерде байқаушы болдық. Олардың барлығындағы жағдай керемет деп айта алмаймын. Ал кемшіліктерге келетін болсақ, ол тек ТМД мемлекеттерінде ғана орын алып отырған жоқ. Біз ТМД-ға мүше елдермен қатар Батыс Еуропа мен АҚШ-та да қызмет еттік. Демократиясы дамыған деген бұл елдердің өзінде көптеген кемшіліктер бар. Тіпті осы елдерде байқаушыларды сайлауға жібермей қойған кездердің де куәсі болдық»,-деді миссия басшысы.
Оның айтуынша, ТМД миссиясы байқаушыларының басты мақсаты өздері байқаушы болған елдердің заңдарына талдау жасау болып табылады. «Осы себепті біз Қазақстанға келердің алдында-ақ осы елдің сайлау үрдістерін реттейтін заңнамалармен жан-жақты танысып шықтық. Мен осы ретте айтайын дегенім, біз тіпті бұл бағытта Батыс елдерінің бірқатарын басып оздық деп айта алар едім»,-деді С.Лебедев.